Жалпы, қазақ ұлттық тағамының философиялық мән-мағынасы зор. «Тағам тек тағам үшін» деген ұғымнан адамыз. Әр астың астарында қаншама тәлім-тәрбие мен ой жатыр. Қарағанды қаласы Жұмабек Тәшенов атындағы жалпы білім беретін мектепте өткен «Ұмыт болған ұлттық тағамдар» атты шеберлік-сыныбында осындай ойға келдік. Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығы ұйымдастыруымен өткен мазмұнды шараға өңіріміздің қала, аудандарынан әжелеріміз бен оқушылар қатысып, ұлттық өнерді насихаттады. Шараның мақсаты – ұмыт болған ұлттық тағамдардың дайындалу жолдарын үйрете отырып, салт-дәстүрін құрметтеуге, оқушыларды өзара жұмыс істеу дағдысына үйрету, қонақжайлылыққа, ас мәзірін дайындай білуге баулу. Сондай-ақ, балаларды ұлтжандылыққа, көргенділікке, терең ойлай білуге, жан-жақтылыққа тәрбиелеу, ұлттық тағамдардың аттарын меңгерту, сөздік қорын молайта отырып, сөздерді тәжірибеде қолдана білуге баулу, дұрыс тамақтана білуге тәрбиелеу. Маңызды шараға «Arqa Aqshamy» газетінің редакциясы мен Қарағанды облысы Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жанындағы Ресурстық тіл орталығының әдіскерлері Ақбота Рымғалиева мен Ақерке Төлеухан қатысып қайтты. – Қазақтың ұлттық тағамы дегенде ет, бауырсақ, құрт-май, тары-талқан мен Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесінде әзірленетін наурыз көжені айтамыз. Бірақ ұлттық тағамдарымыз мұнымен шектелмейтіні сөзсіз. Дегенмен, уақыт сырғып, заман жаңарған сайын барлық ұлттың асханасымен етене жақын таныса бастағанымыз рас. Алайда өзіміздің ұлттық асымызды ұмыт қалдырмағанымыз жөн, – дейді Жұмабек Тәшенов атындағы жалпы білім беретін мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлнар Сүлейменова.
https://www.youtube.com/watch?v=W1VfINqLTNA осы сілтеме арқылы тамашалай аласыздар