Қарағанды облысының өңірлеріндегі тіл оқыту орталықтарында ересектерге арналған қазақ тілінің тегін оқыту курстары басталды. Өңірде 6 оқыту орталықтары мен 8 оқыту курстары жұмыс істейді. Курстар дүйсенбіден жұма аралығында «Қазтест» стандартына сәйкес үш ай бойы өтеді. Сондай-ақ тұрғындардың ыңғайына қарай өңірлердегі сауда үйлерінен қазақ тілі кабинеттері де қарастырылған. Мысалы Қарағанды қаласында «Таир», «Каскад», «Абзал» сауда үйлерінде және тіл оқыту орталықтарында кабинеттер жұмыс істеуде. Сонымен қатар мемлекеттік мекемелер мен ірі кәсіпорындарға барып оқыту мүмкіндігі қарастырылған. Өңір тұрғындарына мемлекеттік тілді оқытумен қатар ағылшын, кейбір өңірлерде түрік тілдерін де оқыту көзделген.
Курсқа қатысушылар қарапайым деңгейден ортадан жоғары деңгейге дейін үйреніп, өз бетінше сөйлем құрастырып, сөйлеу дағдысын қалыптастыратын болады. Заманауи талаптарға сай веб-сайтымен әзірленген А1, А2, В1, В2 «Сарыарқа-3» оқу-әдістемелік кешені және танымдық қосымшасы (хрестоматия) арқылы оқытылуда. Сайт – қазақ тілін үйренушілерге тілді тез, тиімді және ыңғайлы әдістер арқылы меңгеруге мүмкіндік береді. Кез келген тіл үйренуші деңгейін анықтау арқылы сайтта қазақ тілін меңгере алады. Аталған оқу-әдістемелік кешендер халықтың мемлекеттік тілді сапалы үйренуіне зор ықпалын тигізбек.
Облысымызда тіл курстарын ұйымдастыру «Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарының негізінде жүзеге асырылуда. Өткен жылы облыс бойынша 3500-ден астам ересек тұрғындар оқыту курстарымен қамтылса, Қарағанды қаласының басында ғана 1350 адам мемлекеттік тілді оқыту курстарына қатысып, сертификат алды.
Тіл оқуға ниет білдірген қала тұрғындары төменде көрсетілген мекенжайлар бойынша жазыла алады:
Қарағанды қаласы Ғ.Мұстафин көшесі, 6/4. Телефон:8 (7212) 51-38-00.