Ілияс Жансүгіровтің мерейтойына орай шығармашылығы насихатталды

Ілияс Жансүгіровтің мерейтойына орай шығармашылығы насихатталды

Биыл қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері – Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіровтің туғанына 130 жыл толып отыр. Мерейтой аясында Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының Ресурстық тіл орталығы тарапынан «Дәрістер топтамасы» жоспарланып, бүгін алғашқы дәрісі өтті.

Бұл жолғы дәріс «Қазақ поэзиясының Құлагері» атанған Ілияс Жансүгіровке арналды. Іс-шараның спикері ретінде ілиястанушы, Жетісу университетінің Құрметті профессоры, Жетісу облысы әкімінің Әдеп жөніндегі уәкілі – Ғабит Тұрсынбайұлы «Ілияс Жансүгіров. Ағарту менің майданым» тақырыбында ұтымды ойын ортаға салды. Баяндамашы ақынның қазақ балалар әдебиетіне сіңірген еңбегі туралы жан-жақты мәлімет бере отырып, араб және латын графикасында балаларға арнап жазылған суретті кітаптарымен таныстырды. Құнды еңбектердің Мәскеу мұрағаттарынан алынған атап өтті.

Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтіп, Ілияс Жансүгіровтің өмірі мен шығармашылық жолын насихаттау, сондай-ақ ақынның өмір жолы, шығармашылығы төңірегінде ғылыми жаңалықтармен таныстыру мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері, тіл оқыту орталықтарының оқытушылары мен әдіскерлері, ЖОО оқытушы-профессорлары, тіл жанашырлары қатысты.