ТІЛІМІЗДІҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Біздің аса бай тілімізді мемлекеттік қызметкерлердің (тек олар ғана емес, барлығымыз) дұрыс қолдануы, осы тілде еркін және мәдениетті сөйлей білуі өте маңызды. Бұл, әсіресе, қазіргі таңда өте қажет. Қарап отырсақ, тіліміздің шұбарланғаны өз алдына, қазақтың байырғы мәдени тілі мүлде өзгеріп бара жатыр. «Сәлем – сөздің атасы» деп халқымыз тегін айтпаған. Сондықтан сөзімізді сәлемнен бастасақ деймін. Өйткені, қарым-қатынастың өзі осы сәлемдесуден (амандасудан) басталады ғой. «Встречают по одежде, проважают по уму» деген орыс мақалындағы сияқты. Оны біз «Киіміне қарап қарсы алып, ақылына қарап шығарып салады» деп аударып жүрміз. (Қожанасырдың тойға барғаны сияқты). Танымайтын, алғаш рет көрген адамды тек үстіндегі киіміне қарай қарсы алатынымыз да рас. Ал, содан соң ол адаммен сөйлесе келе оның ақыл-ой дәрежесінің қаншалықты екендігін безбендейміз. Міне, сөйлеу мәдениеті дегеніміз осыдан шығады.
Кейінгі жылдары (сонау 1986 жылғы оқиғадан соң да) қазақ тілінің мәртебесін көтеру, тіліміз мемлекеттік мәртебе алғанымен, оны мемлекеттік деңгейге көтеру мәселесі әлі жетімсіз дәрежеде жүргізіліп жатыр. Тіліміздің осыншама кедейдің күнін кешіп жатқандығына кінәлілерді іздейміз. Кінәлілерді іздеудің қажеті жоқ. Оған барлығымыз да қатыстымыз. Отырған жерде басқа тілде сөйлеуге үйреніп алғанбыз. Сол әдеттен әлі де арыла алмай келеміз.
Мәдениетті сөйлеу үшін қазақ тілін жетік білу қажет. Бұл жерде мен қызыл тілді безеп, шешен сөйлеу туралы айтып тұрған жоқпын. Елдің барлығы бірдей шешен сөйлей бермейді. Дегенмен де «Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы, ол ақынның білімсіз бейшарасы» деп халқымыздың Бас ақыны Абай атамыз тегін айтқан жоқ. Біздің сөзіміздің барлығы араласып кеткен. Менің өзім де кейде «Гапеева көшесінде тұрамын», немесе «Рыскулова остановкасынан түсіп келесіз» дей саламын.
Жарайды, есіктен кірген соң амандасамыз. Бір ғұламадан «Екі адам кездесіп қалғанда, қайсысы бұрын сәлемдесуі керек?» деп сұраған екен. Сонда ғалым: «Қайсысы мәдениетті болса, сонысы бұрын амандасады» деп жауап беріпті. Біздің ер адамдар қашан да «Ассалаумағалейкуум» деп қол алысып амандасады. Өте жарасымды. Бұрын қазақ атамыз «Армысыз, ата!» деп амандасса, атасы «Бармысың, балам!» деп жауап қатқан екен. Бүгінде бұл амандасу ұмыт болып, «Сәлеметсіз бе?» деп сызылатынды шығардық. Оған кіші болса «Сәелеметпісің!», үлкен болса «Сәлеметпісіз!» деп жауап беретін болдық. Негізі қазіргі күнге дейін барлық мұсылман халықтарының әйел-еркегі түгелдей «Ассалаумағалейкуум» деп амандасады.
Сол сияқты қазіргі кезде есіктен амандасып кіргеннен кейін «жоғары шығыңыз» деген сөзді жиі ести бермейсің. Әрине, үй жағдайында келген қонаққа бұл сөз айтылады ғой. Бірақ мекемелерде ондай сөзді білмейтіндер бар. Олар «өтіңіз» дейді. Бұл орысша «проходите» деген сөздің аудармасы. Келген адамға «келіңіз», «жоғарылатыңыз», «қош келіпсіз» деп қарсы алған қандай ғанибет болар еді.
Осы арада «Қандай сұрақпен келдіңіз?» деген сұрақ қойылады. Бұл жерде ол кісінің сұрақпен емес, мәселемен келгендігін естен шығармау керек. Сұрақты «Қандай мәселемен келдіңіз?», «Қандай өтінішпен келдіңіз?» немесе «Бізге қандай сұрағыңыз бар?», «Бізге қандай сауалыңыз бар?» деп қою қажет. Осы жерде «сұрақ», «өтініш», «мәселе», «сауал» деген жайлардың ара-жігін ажыратып алған дұрыс.
Егер ол адам тұрғын үй-коммуналдық мекемесіне үй сұрап келген болса, ол – мәселе. Мұндай мәселемен келген адам өтініш жазады. «Маған үй беруіңізді сұраймын» деген мағынада. Сол сияқты баласын бақшаға орналастыру мәселесімен келген адам да өтініш жазады.
Ал, егер полицияға біреудің үстінен өтініш әкелген адам шағым жазады. Бастығының үстінен жазатын болса, ол «арыз» деп аталады. Өтініштің «домалақ арыз» деген түрі де бар. Онда өтініш жазушының аты-жөні көрсетілмейді. Оны орыс тілінде «анонимка» дейді.
Мұны айтып отырған себебім – мәселе мен сұрақты, сауалды шатастыратындар көп. Жиналыстың күн тәртібіне мәселе қойылады. Ал оны «сұрақ» деп жүргендер көп. Өйткені, оны орыс тілінде «расмотрели вопрос» дейді. «Вопрос» дегеннің барлығы «сұрақ» бола бермейтінін әрқашан ескермейміз. Сұрақты қарамайды. Сұраққа жауап береді. Сол сияқты сауал да сондай. Келген адам өзінің сұрағына жауап іздеген болса, ол «сауал» болады. Яғни, «вопростың» үш түрлі аудармасы бар. Сонымен қоса «сауалдың» тағы бір аудармасы «запрос». Мұндай сауалды көбіне депутаттар жолдайды.
Кейінде қызметке не жұмысқа қабылдар кезде «арыз жазып әкеліңіз» деген тіркес пайда болды. «Арыз» дегеннің мағынасы «шағым» екендігін айтып өттік. Орысшасы «заявление» болғандықтан оны да көбіне шатастыра береміз. Жұмысқа қабылдарда немесе жұмыстан шығарарда, демалысқа барарда «өтініш» жазылатындығын естен шығармайық. Дәрігерге келгенде «қандай шағымыңыз бар?» деп сұрайды. Ол «на что жалуетесь» деген сөздің аудармасы.
Енді қабылдауға келген адаммен әңгіме кезінде көбіне заң туралы мәселе қозғалады. Сондай сәтте «заңда орнатылған» деген тіркестің болғанын бір жерден оқып қалдым. Бұл «установлен законом» деген тіркестің тікелей аудармасы екен. Мұндай тіркесті қолданып отырған адам оның мағынасына бойламаған. Қазақ тілінің қаншалықты бай екендігін ескеретін болсақ, бұл жерде де «установлен» деген сөздің бірнеше мағынасы бар екендігін ескерейік. Ол «заңмен бекітілген», «заңмен тағайындалған», «заңда көрсетілген» болып аударылуы қажет еді. «Орнатылған» деп тек нақты заттарға айтылса керек. Мысалы: «бағана орнатылды» («Столба установлена») деген сияқты.
Осы жерде орыс тілінен сөзбе-сөз аударуға болмайтындығын тағы да ескерте кеткім келеді. Оған бір семинарда «круглый год» деген сөздің «домалақ жыл» болып аударылып кеткендігі жайлы айтылғандығын мысалға алуға болады. Мұндай мысалдарды жүздеп-мыңдап келтіруге болады. «Хлебоприемный пункт» дегенді теледидардан «Нан қабылдау пункті» деп айтқанын естіп қалдым. Дұрысы – «Астық қабылдау пункті» ғой.
Мемлекеттік қызметшінің алдына келетін және өзі жөнелтетін құжаттарының көпшілігі орыс тілінде дайындалатындығы немесе орыс тілінен аударылатындығы жасырын емес. Сондықтан да әрбір қызметші аудару ісін жетік білуі қажет. Бұл да үлкен мәдениет.
Бұл бір ғана мысал. Сондай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Көзінің тірісінде қазақ тілінің қамқоры болған Герольд Белгер өзінің «Казахское слово» деген кітабында жылдың төрт мезгілі туралы Ақселеу Сейдімбектің:
«Күз келді. Осень пришла.
Қыс түсті. Зима упала, свалилась.
Көктем туды. Весна родилась.
Жаз шықты. Лето вышло, наступило», - дегенін, бұдан соң ондағы етістіктердің орнын ауыстырмау қажеттігін атап өтеді.
Бұдан соң Гераға «түр» деген сөзге – кескін, сынық, сымбат, тұрпат, келбет, нобай, нұсқа, көрік, әлпет, шырай, рең, тұлға, ұсқын, айбар, пыс, кейіп, сұрық, ажар, мүсін, пішін, бейне, сын, өң, көрініс деген синонимдер келтіреді. Соңынан «Вот неполный перечень компонентов того синонимического ряда, который соответствует русскому понятию «вид» деп түйіндейді.
Ол кісі осылай әрбір сөзді алып, оның синонимдерінің өзінің талай сөзден тұратындығын келтіру арқылы қазақ тілінің байлығын дәлелдеп шығады. Туыстық қатынастарға да, жеміс-жидектерге де, шөп-бұта, құс атауларына да сөз табады.
Жалпы алғанда Герольд Белгердің кітабынан мысал келтіруім тегін емес. Бұл кітапта қазақ тілінің байлығы туралы жеріне жеткізіліп дәлелденген. Баса айтатыным, бұл кітаптың басты құндылығы – орыс тілінде жазылып, басқа ұлттарға да жетімді, түсінікті болып отырғандығы.