Қарағанды облысы әкімінің «Тіл жанашыры» сыйлығы туралы хабарландыру

Қарағанды облысы әкімінің  «Тіл жанашыры» сыйлығы туралы хабарландыру

Қарағанды облысы әкімінің

 «Тіл жанашыры» сыйлығы туралы хабарландыру

Қарағанды облысы әкімінің «Тіл жанашыры» сыйлығы (бұдан әрі - Сыйлық) мемлекеттік тілдің қоғамдық рөлі мен маңызын арттыру, тілдерді дамыту мен мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға үлес қосқан тұлғаларды көтермелеу және оларға қолдау көрсету мақсатында тағайындалады.

Сыйлыққа үміткерлер келесі номинациялар бойынша қатыса алады:

«Тіл майталманы» номинациясы - мемлекеттік тілді дамыту мен танымал етуге елеулі үлес қосқан, сондай-ақ оқу және мәдени-ағартушылық бағдарламалардың, әдістемелік құралдардың әзірлеушілері мен жүзеге асырушылары болып табылатын, қоғам өмірінің әр саласында қазақ тілінің кең қолданылуына бағытталған мәдени-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыруға атсалысып жүрген 35 жастан асқан шығармашылықпен айналысатын азаматтар және зиялы қауым өкілдері арасында;

«Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» номинациясы - облыстың мемлекеттік және бюджеттік мекемелерінде мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту ісіне айтулы үлес қосып жүрген мемлекеттік мекемелердің мемлекеттік және азаматтық қызметшілері, штаттан тыс мамандары арасында;

«Тіл жаршысы» номинациясы - мемлекеттік тіл саясатының өзекті мәселелерін жүйелі әрі сапалы жариялағаны және материал беру бірегейлігі мен кәсібилігі үшін қазақ және орыс тілдеріндегі баспа бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері және штаттан тыс қызметкерлер арасында;

«Үздік телехабар» номинациясы - тіл саясатын жүзеге асыру бағытындағы мәселелерді көтерген арнайы, сапалы телехабарлар ұйымдастырғаны және материалдарды берудегі шығармашылық пен бірегейлік үшін қазақ және орыс тілдеріндегі электронды бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері  арасында;

«Жас полиглот» номинациясы - мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгерген, аймақтық, облыстық, республикалық және халықаралық деңгейде конкурстарда, олимпиадаларда, жобаларда грамота, диплом, сертификаттар мен басқа да наградаларға ие болған 14-29 жас аралығындағы  жастар арасында;

«Тіл білгірі» номинациясы - мемлекеттік тілді еркін меңгерген, облыстық, республикалық конкурстардың жеңімпаздары және жүлделі орын иегерлері болып табылатын 14-29 жас аралығындағы өзге ұлт өкілдерінің жастары арасында;

«Мемлекеттік тіл - бизнесте» номинациясы - облыс аумағында кәсіпкерлік қызметін жүзеге асыру барысында ұлттық құндылықтарды насихаттауға және мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге үлес қосып жүрген шағын және орта бизнес өкілдері арасында;

 «Үздік оқытушы» номинациясы - ересектерге мемлекеттік тілді оқытуда жетістіктерге жеткен, тіл үйретуде озық технологияларды, жаңа әдістерді қолданатын, бірегей әдістемелік өнімдердің авторы болып табылатын тұлғалар арасында.

Номинацияға қатысу үшін қажетті құжаттар:

1)   түйіндеме, өмірбаян, мекемеден ұсыныс-мінездеме;

2)  жұмыс процесінде түскен, ресми, бейресми форматтағы жоғары сапалы фотосуреттер (сонымен қатар міндетті түрде электронды форматта ұсыну қажет);

3)   жеке куәлік көшірмесі;

4)   мемлекеттік тілді дамыту және жетілдіру бойынша жобалық ұсыныс;

5)  мемлекеттік тілді және Қазақстан халқының басқа да тілдерін дамыту саласында жеткен жетістіктерін растайтын құжаттардың және материалдардың сапалы көшірмелері (грамоталар, дипломдар, алғысхаттар, сертификаттар, мақалалар, жарияланымдар, тақырыптық телехабарлар, бағдарламаларда қатысқанын растайтын анықтамалар және олардың CD/DVD көшірмелері). Құжаттар соңғы 3 жыл көлемінде атқарылған жұмыс нәтижесі бойынша ғана ұсынылуы тиіс.

«Тіл жанашыры» сыйлығына үміткерлердің материалдары Қарағанды қаласы, Гоголь көшесі, 34-үй мекенжайында орналасқан Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасында және карантиндік шараларға сәйкес сканерленген материалдар нұсқасы URYa_til@krg.gov.kz электронды поштасы арқылы  қабылданады. Материалдарды қабылдаудың соңғы күні: 2021 жылғы 6 тамыз.

 

         Анықтама телефоны: 8/7212/567476.