Топонимдік атаулар –тарих тамыры

Топонимдік атаулар –тарих тамыры

Топонимдік атаулар –тарих тамыры

Тарихи топонимдерге ерекше көңіл аудару бүгінгі күнгі еліміздегі ономастикалық ізденістерге деген сұраныстан туындап отыр. Топонимикалық атаулардың пайда болу тарихын анықтау бір жағынан Отандық тарихымызды танып-білуге мүмкіндік берсе, екінші жағынан өлке тарихын да жан-жақты зерттеуге мүмкіндік туғызады. Географиялық атаулардың жиынтығын топонимия деп атайды. Кез-келген елдің өткені мен бүгінінің сабақтастығы оның жер-су атаулары – топонимдері арқылы көрініс табады.

Жер-судың аты-тарихтың хаты. Топонимикалық атаулар тарихын зерттеп, олардың нақты кеңiстiктегi орындарын анықтау ғылыми тұрғыдан алғанда жаңа тың дерек көздерiн ашып, олармен жұмыс iстеудiң әдiстерiн жетiлдiрiп, тарихтың ақтаңдағын азайтуға тiкелей септiгi тиедi. Бұл мәселенiң маңыздылығы – топонимикалық зерттеу.

Елді мекендерінің атауының үстірт өзгеріске ұшырап, көне заманнан қалыптасып қалған тарихи атаулардың жойылып кетуі ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы Патшалық Ресейдің Казақстанды өз құрамына енгізіп, отарлап алу барысында жаппай орын алды. Нақтылай айтқанда, елді-мекендер атауын жаппай өзгерту- қазақтан жерді тартып алып, оған келімсектерді қоныстандыру саясатын заңдастырудың ең төте және сенімді құралына айналды.

    Сарыарқа өңірінің аумағы Қазақстан өңірінде ең үлкен болып есептеледі. Ал, мұншама ұлан-ғайыр жер көлемінде  мыңдаған топонимдер орналасқан және бұл аудандар ежелден бері көшпелі тұрмыс-тіршілікке байланысты пайдаланылғандықтан топонимикалық жүйесі өте бай және ауқымды. Қарағанды облысы территориясында орналасқан топонимдердің жүйесін анықтау қажеттілігі осындай себептерден де туындайды. Атамекен жеріміздегі топонимикалық атаулардың шығар көзі ғасырлар бойы фольклор мен эпостық, тарихи жыр дастандар арқылы тарих көшінде жиі алмасқан ұрпақтар санасында сақталып, жалғастық дәстүр негізінде тұрақтанып қорланатын тарихи естің жиынтығы іспеттес нәрсе. Өте көне замандардан бастап адам баласы бір жерге орналасқан да, өз айналасындағы қоршаған ортаға атау бере бастайды. Олар белгілеген әрбір атау белгілі бір мағынаға ие болады.

 Ортағасырлық араб деректерінен Ұлытау өңірі туралы қызғылықты мәліметтерді кездестіруге болады. Оның ішінде, әл-Идрисидің «Нузхат-ал-Муштак фи ихтирак ал-Афак» атты географиялық еңбегінің 5 климат бойынша 8 бөліміндегі мағлұматтар Ә.Х. Марғұланның пайымдауынша Ұлытау өңірімен, Торғай өзені бойы және Сарысу өзенінің төменгі ағысымен байланысты болса керек

Ортағасырлық    «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» поэмасының пайда болу дәуірі VI-XII ғасырларға жатады және де эпикалық шығарманың ономастикалық атаулары бойынша дерек құрамына 75 географиялық атаулар, соның ішінде 32 гидроним, 22 ороним, 21 ойконим, сонымен қатар 50 антропоним кіріп ерекше тарихи құндылыққа ие. Поэмада кездесетін көптеген топонимдерді қазіргі кезде де кездестіруге болатынын ескерсек, топпонимдердің қалыптасу тамыры Қазақстан аумағында байырғы өз жерінде қалыптасқаны туралы нақты айтуға болады. Дастанда келесі топонимдер көрсетілген, соның ішінде төмендегідей танымал гидронимдер де бар:  Есіл, Нұра, Сарысу,  Балқаш, Жәмшіғ Маржанкөл т.б. Тілдердің қыпшақ тобының ажырамас бөлігі болып табылатын қазақ тілінің дамуы және қыпшақтардың жазбаша әдеби тілінің қалыптасуы болу кезеңі болып табылады.

Оғыздар мен қыпшақтар арасындағы туыстық қатынасы туралы, қыпшақтардың шығуы жайлы сақталған көптеген деректердегі аңыздар мен эпикалық жырларға сүйену қажет. Моңғолдардың тарихшысы лейб дәрігер Фазлаллах Рашид ад-Дин «Джами ат-таварих» еңбегінде айтуы бойынша, қыпшақтардың генеалогиялық тарихы негізі оғыздармен байланысты..

   Топографиялық орналасуы бойынша – Сарысу, Кеңгір, Жезді, Торғай, Нұра өзендерінің бойында орналасқан. Бұлай орналасуында да өзіндік бір ерекшелік бар еді. Ол, біріншіден өзен аңғары, судың жағасы болса, екіншіден, ежелгі меридианды көшіп-қону жолдарымен қыстаулардан жайлауға көшу жолдарында кездеседі. Тағы бір айта кететін мәселе, бұл сауда жолдары болатын. Көне дәуірлерден-ақ батыс пен шығысты жалғастырып, байланыстырып жатқан “Жібек жолы” Түркістан, Сығанақ қалаларынан бір жол Сарысу, Кеңгір, Нұра өңірлеріне әкелсе, келесі бір жол Оңтүстік Оралға апарады.

Х-ХІІІ ғасырлардағы қимақ-қыпшақ қалалары туралы араб жазушылары, географтары Ибн-әл-Варди, Ибн-Йиаса, Ибн-Сайд жазған. Батыс және Орталық Қазақстанның қалалары жайында ХІV-ХV ғғ. Итальян карталары қызықты мәлімет береді.

Түрлі дерек көздері Дешті-Қыпшақ жерінде бай мәдени тұрақтар болғанын мәлімдейді. Хафыз Тыныш осындай тұрақтарға Бесағаш, Болған Ана; Талмас Ата, Жетім қорған, Мыңбұлақ, Үшқоңыр, Белен ана, Сарайлы, Торайлы, Басқамыр және т.б. жатқызса, Шарафеддин Әли Язды Орда-Базар, Сегізағаш, Ұлытаг, Кертаг, Ақ зират тұрақтарын атаған. Осының бәрі қыпшақттарда жартылай отырықшы мал шаруашылығы және өзен аңғарлары мен жазираларында суармалы жер шаруашылығы дамығандығын дәлелдейді.

Орталық Қазақстанда ерте қыпшақ (VII-IХ ғғ.), моңғол кезеңіне дейінгі (Х-ХІІ ғғ.) және моңғол кезеңіндегі (ХІІІ-ХVғғ.) ескерткіштері сақталған. Жошының үлкен ұлы, әрі Ақ орданың негізін қалаушы Орда-Еженнің 3 ордасы болған: 1) Шыңыс хан жотасындағы Орда; 2) Ұлытау ауданындағы Кеңгір өзені Жошы мавзолейі жанындағы ордасы; 3) Қаялықтан 7 күндік жердегі Ала-қашақ ордасы. Қалалардың көптеп салынуы кейінгі қыпшақ кезеңінде байқалады. Осы кезеңнің қалашықтары мен археологиялық ескерткіштері Орталық Қазақстанда сақталған. Олардың ішіндегі ірілері: Алаша хан, Басқамыр, Аяққамыр, Сарайлы, Торайлы, Топырақ қорған, Айбас дарасы, Домбағұл, және т.б. Масғұд ибн Османи Сарысу және Ұлытаудағы Сығанаққа бағынышты бірқатар қалалар мен бекіністерді атайды. Масғұд Сарыарқадағы ең маңызды қала Дешті Қыпшақтың астанасы Орда-Базар болды дейді. 1429 ж. Ақ Орда ханы Барақ өлген соң оны Әбілқайыр басып алып ақша соқтырған Орда Базар Сығанақтан кейінгі екінші саяси орталық болған.

Түрлі дерек көздері Дешті-Қыпшақ жерінде бай мәдени тұрақтар болғанын мәлімдейді. Хафыз Тыныш осындай тұрақтарға Бесағаш, Болған Ана; Талмас Ата, Жетім қорған, Мыңбұлақ, Үшқоңыр, Белен ана, Сарайлы, Торайлы, Басқамыр және т.б. жатқызса, Шарафеддин Әли Язды Орда-Базар, Сегізағаш, Ұлытаг, Кертаг, Ақ зират тұрақтарын атаған. Осының бәрі қыпшақттарда жартылай отырықшы мал шаруашылығы және өзен аңғарлары мен жазираларында суармалы жер шаруашылығы дамығандығын дәлелдейді. Бұны Плано Карпини мен Рубрук жазбаларынан да көруге болады.

Орталық Қазақстанның  топонимдері қалыптасу жүйесін біз тарихи қолжазбалардан карталардан көреміз.  Тарихи топонимдер ел -жер тарихының құрамдас бөлігі, мыңжылдық тарихы бар құндылық болып табылады.

 

Аршабеков Темірғали Қарағанды облыстық ғылыми техникалық құжаттама жөніндегі архив басшысы