Нағыз тіл майталманы еді!..

Нағыз тіл майталманы еді!..

Аймақтағы тіл саясаты саласына үлкен үлес қосып жүрген тіл жанашыры, облыстық ономастика комиссиясының мүшесі, белгілі өлкетанушы, аудармашы, Жаңаарқа ауданының құрметті азаматы Ісләмов Ібірахым (Жақан) өмірден өтті.
Ібірахым Ісләмов мамандығы дәрігер болса да, ел басқару ісіне етене араласа жүріп, елтану, өлкетану бағытында орасан зор ізденістер жасап, зерттеулер ұйымдастырды. 2011 жылы зейнеткерлікке шығысымен облыстық ономастика комиссиясында мүшелікте болып, құнды ақпараттар мен бағыт-бағдарлар бере білді. Облыстық тілдерді дамыту басқармасымен тығыз қарым-қатынас орнатып, «Жаңаарқа ауданының топономикасы» еңбегін жазды. Тіл саласындағы ерекше еңбегі ескеріліп, облыс әкімінің «Тіл жанашыры» сыйлығына ие болып, «Тіл майталманы атанды.
Ол өмірінің соңына дейін қаламын тастамай, мол мұра қалдыруға тырысты. Аймақта аты абыройлы азаматтың бергенінен берері, жазғанынан жазары көп еді... амал қанша!
Ауыр қазаға қабырғамыз қайыса отырып, Ібіраһым Ісләмұлының туған туыстарына, жақындарына қайғырып көңіл айтамыз. Иманы саламат, жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын!