
Қарағанды қаласы бойынша 367 адам мемлекеттік тіл курсын тәмамдап, сертификат алды. 19 жастан асқан ересектерге арналған мемлекеттік тілді тегін оқытуға негізделген курстардың І кезеңі ақпан айында басталған. Ал сәуірдің соңында қазақ тілін үйренген курс тыңдаушылары тілді меңгеру деңгейін дәлелдеп, бүгінде сертификатқа қол жеткізді.
Тыңдаушылар тобында әр түрлі сала өкілдері – әскерилер, мемлекеттік қызметшілер, зейнеткерлер бар. Тіпті шетелдік 18 азамат та осы құрамда тегін курсқа қатысып, қазақ тілінде қарым-қатынас жасай алатындай деңгейге жетті.
Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында бұл курсты Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы кезең-кезеңмен ұйымдастырып отыр. Оқытудың бірінші кезеңінде тіл үйренуге ықыласты тұрғындардың өтініші қарастырылып, ұзын саны 21 топ жасақталды. Қарағанды облысының тілдерді оқыту орталығының оқытушылары әр топқа 15 адамнан тіркеп, қазақ тілін грамматикадан бастап оқытты.
Осы ретте, қазақ тілін оқытуға қатысты биылғы жылдың жаңашылдығы да бар. Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы ересектерге қазақ тілін үйрету үдерісін жүйелеу мақсатында оқытудың стандарттық бағдарламасын (syllabus) әзірлеп, қолданысқа енгізді. 100 сағатты құрайтын бағдарламаның 72 сағаты қарқынды оқытуға бағытталған. Ал қалған 28 сағатта курс тыңдаушылары сөйлесу-тілдесу клубында әдеби-мәдени бағыттағы тәжірибелік сабақтарға қатысып, қазақша сөйлеу дағдысын еркін форматта жетілдіреді.
Бұл жаңа бағдарлама қазақ тілін халықаралық стандарттарға сәйкес A1, A2, B1, B2, C1 деңгейлері бойынша оқытуға негізделген. Оқу бағдарламасында қатысушылардың оқылым, тыңдалым, жазылым және айтылым дағдыларын кешенді түрде дамытуға ерекше назар аударылады. Сонымен қатар, тілді тұрмыстық, мәдени, кәсіби және академиялық ортада еркін қолдануға бағытталған заманауи әдістемелер мен цифрлық құралдар кеңінен қолданылады.