Қарағанды облысында ересектерге арналған тегін тіл оқыту курстарының І кезеңі аяқталуда.

Қарағанды облысында ересектерге арналған тегін тіл оқыту курстарының І кезеңі аяқталуда.

Бүгінде Қарағанды,Саран, Теміртау, Шахтинск, Балқаш қалаларында курс қатысушылары мемлекеттік тіл, орыс және ағылшын тілдері бойынша оқу курстарын тәмәмдап жатыр.

Қазақ тілін меңгеруге бағытталған үш айлық курста алған теориялық-практикалық білімдері бойынша тыңдаушылар емтихан тапсыруға кірісті. Тілді деңгейлеп оқыту – қазақ тілін еш қиындықсыз меңгергісі келетін тұрғындар үшін тамаша мүмкіндік.Айта кетейік, курс тыңдаушыларының қатарында түрлі сала өкілдері, мемлекеттік қызметшілер бар.

Сабақ барысында тыңдаушылар оқылым, тыңдалым, жазылым және айтылым дағдыларын кешенді түрде дамытады. Сонымен қатар курсқа қатысушылардың тілді тұрмыстық, мәдени, кәсіби және академиялық ортада еркін қолдануына бағытталған заманауи әдістемелер мен цифрлық құралдар кеңінен пайдаланылады. Биылғы жылдың тағы бір жаңашылдығы – Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы ересектерге мемлекеттік тілді оқытуды біріздендірді. Облыста мемлекеттік тілді оқытудың стандартты бағдарламасы бекітілді.

Оқыту курстары аптасына 3 рет, 3 ай көлемінде ұйымдастырылып, жалпы көлемі 72 академиялық сағатты құрады.

Бұл ретте курс тыңдаушыларының сөйлеу дағдыларын жетілдіру мақсатында 28 сағаттық сөйлеу клубтарының жұмысы да қарастырылған.Осылайша, оқыту бағдарламасының жалпы көлемі 100 академиялық сағатты қамтыды.

Курс барысында тыңдаушылар қазақ тілін меңгерудің толық бағдарламасы бойынша (A1, A2, B1, B2, C1 деңгейлері) білім алады.

Оқу курсын толық аяқтағаннан кейін қорытынды емтихан нәтижесіне сәйкес, курс тыңдаушыларына белгіленген үлгідегі сертификат беріледі.

#қарағандытілдердідамытубасқармасы #мемлекеттік