
Қарағанды қаласының «Шырақ» тілдерді оқыту орталығының, сондай-ақ Саран, Шахтинск қалаларындағы тіл оқыту орталықтарының мамандары мен курс тыңдаушыларының қатысуымен қоғам үшін өзекті – жемқорлық мәселесіне арналған семинар өтті.
Әлеуметтік тапсырыс аясында ұйымдастырылған іс-шарада қоғамда парасаттылық идеологиясын ілгерілету және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, жалпы осы бағыттағы басым міндеттер кеңінен талқыланды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралардың тиімді болуы әрбір қызметшінің жемқорлық көріністеріне бей-жай қарамауына тікелей байланысты. Елімізді өркендету, әлеуметтің әлеуетін жақсарту міндеттері үшін бірқатар бағыттар назарға алынған.
Бұл ретте Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты. Семинарда қазіргі сандық технология дәуірінде цифрландыру – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің маңызды тетігі ретінде қарастырылатыны айтылды. Өйткені ол мемлекеттік үдерістердің ашықтығын арттыруға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге және азаматтар мен мемлекет арасындағы өзара іс-қимылды жақсартуға ықпал етеді.
Жиында спикер сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастырудың маңыздылығын да атап өтті.
«Сананы жаңғыртпай – жемқорлық жойылмайды» деген пікір семинарға қатысушыларға салмақты ой салғаны сөзсіз.