Көрнекті қоғам қайраткері, Алаш көсемі — Әлихан Бөкейханұлына 160 жыл

Көрнекті қоғам қайраткері, Алаш көсемі — Әлихан Бөкейханұлына 160 жыл

Көрнекті қоғам қайраткері, Алаш көсемі — Әлихан Бөкейханұлының 160 жылдығына орай Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жанындағы Ресурстық тіл орталығының ұйымдастыруымен «Әлихан және қазақ баспасөзі» атты дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараға Медицина университетінің ассистент-профессоры, әлихантанушы ғалым Абдрахманова Кәмшат Жақсылыққызы; ақпарат саласының үздігі, Қазақстанның құрметті журналисі Әли Мүсәліұлы Тойжігіт; өлкетанушы Аңғар Смағұл; әлихантанушы-ұстаз Тілеуғалы Әміртайұлы Әміртаев; қаламгер Сүйіндік Жұмабайұлы Жанысбай; тарихшы-ғалым Ерғазы Қадашұлы Қадаш, сондай-ақ «Күретамыр» үйірмесінің студенттері, Педиатрия факультетінің 2-курс білім алушылары қатысты.

Жиын барысында қатысушылар Әлихан Бөкейханның туып-өскен жері, өскен ортасы мен текті әулетінің тарихы туралы тың деректермен бөлісті. Ұлт көшбасшысының білім алған ортасы, қоғамдық-саяси көзқарасының қалыптасуы, ел болашағына алаңдаған азаматтық ұстанымы кеңінен сөз болды. Оның қазақ баспасөзін дамытудағы жолы, әсіресе «Қазақ» газетін дамытудағы еңбегі ерекше аталып өтті.

Сонымен қатар «Әлемге әйгілі Әлихан» романының авторы - Сүйіндік Жанысбай қаламгерлік ізденістері жайында айтып, тарихи тұлғаның бейнесін көркем шығарма арқылы ашудың маңыздылығына тоқталды.

Іс-шара соңында мазмұнды ойлар қорытындыланып, ұлт қайраткерінің елге сіңірген еңбегін насихаттауға қосқан үлестері үшін қонақтарға мекеме атынан алғысхаттар табысталды.

Тағылымды кездесу жастардың тарихи танымын тереңдетіп, Алаш мұрасына деген құрметін арттырды.