Қарағанды облысында мемлекеттік тілді оқытудың жаңа стандарты енгізілді.

Қарағанды облысында мемлекеттік тілді оқытудың жаңа стандарты енгізілді.

Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы ересектерге қазақ тілін үйрету үдерісін жүйелеу мақсатында жаңа жұмыс бағдарламасын (syllabus) әзірлеп, қолданысқа енгізді.

Бүгін, 24 ақпанда, басқарма мамандары, оқыту орталықтарының директорлары мен тіл мамандарының қатысуымен өткен онлайн-кездесуде аталған бағдарламаның тиімділігі және оны оқу үдерісіне енгізу мәселелері талқыланды.

Жаңа әдістемелік бағдарлама қазақ тілін халықаралық стандарттарға сәйкес А1, А2, В1, В2, С1 деңгейлері бойынша оқытуға негізделген. Бағдарламаның жалпы көлемі 100 сағатты құрайды, оның ішінде:

  • 72 сағат – қарқынды оқыту курсы;
  • 28 сағат – сөйлесу клубының жұмысы (Speaking Club).

Басқарма бұл қадамды оқыту үдерісін біріздендіру және тіл үйренушілердің грамматиканы меңгеруімен қатар еркін сөйлеу дағдыларын дамыту мақсатында жүзеге асырып отыр.

Кездесу барысында Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бас маманы Ұлжан Бөрібаева және Ресурстық тіл орталығының бөлім меңгерушісі Жұпар Рысқұлқызы ересектерге арналған сабақ құрылымының заманауи моделін таныстырды.

Сонымен қатар Қарағанды облыстық тіл оқыту орталығының директоры Алмагүл Ақмашқызы мамандарға бағдарламаны іс жүзінде қолдану, әдістемелік құралдарды пайдалану және сабақ барысында көрнекі слайдтарды тиімді қолдану бойынша нақты нұсқаулықтар берді.

Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы мемлекеттік тілді үйренушілерге қолайлы орта қалыптастыру және заманауи әдістемелерді енгізу бағытындағы жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастыра береді.

#қарағандытілдердідамытубасқармасы #мемлекеттіктіл