
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Президент Қазақстанда экономика мен қоғамдық өмірге жасанды интеллектіні енгізуге басымдық беріліп жатқанын да атап өтті.Осы ретте,Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы тіл саясатын цифрландыру және инновациялау бағыты аясында осы жылы қазақ тілінің цифрлық экожүйесін дамытуға арналған өңірлік «Digital KZ» хакатонын өткізуді жоспарлап отыр.
Аталған жоба қазақ тілін заманауи технологиялармен ұштастырып, оны цифрлық ортада кеңінен қолдануға бағытталған. Хакатонға ІТ мамандар, жастар, стартап өкілдері, тіл жанашырлары мен студенттер қатысып, қазақ тілінде жұмыс істейтін мобильді қосымшалар, веб-платформалар, чат-боттар, онлайн сөздіктер, тіл үйрету сервистері, жасанды интеллект элементтері бар өнімдер әзірлеу көзделуде.
«Digital KZ» жобасының негізгі мақсаты – мемлекеттік тілді цифрлық кеңістікте сұранысқа ие, қолжетімді әрі бәсекеге қабілетті тілге айналдыру, сондай-ақ инновациялық идеяларды қолдап, оларды практикалық шешімдерге айналдыруға жол ашу.
Хакатон нәтижесінде үздік жобалар іріктеліп, оларды әрі қарай дамыту, пилоттық режимде енгізу және кең ауқымда пайдалануға шығару жоспарлануда. Бұл бастама қазақ тілінің цифрлық инфрақұрылымын нығайтып, тіл саясатын жүзеге асыруда инновациялық тетіктерді қалыптастыруға мүмкіндік береді, деген ойдамыз.
#қарағандытілдердідамытубасқармасы #мемлекеттіктіл