
Ауқымды жобаны Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жанындағы Ресурстық тіл орталығы ұйымдастырды.
Қорытынды кездесуге жұмыс тобының мүшелері, волонтерлер, шағын және орта бизнес өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Сондай-ақ жиынға Zoom платформасы арқылы ірі сауда үйлерінің иелері мен кәсіпкерлер онлайн форматта қосылды. Бұл өз кезегінде жобаның ауқымын кеңейтіп, кәсіпкерлермен кері байланысты күшейтуге мүмкіндік берді.
Іс-шара Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Шалабаева Алма Қабыкенқызының кіріспе сөзімен ашылды.
Жиын барысында биыл жүзеге асырылған жобаның негізгі нәтижелері таныстырылып, жұмыс тобының атқарған жұмыстары бойынша есебі тыңдалды. Сонымен қатар кездесуге қатысушылар мен волонтерлер өз ой-пікірлерін ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді.
Жоба жетекшісі Гүлназ Серікқызы өз баяндамасында көрнекі ақпарат пен жарнама саласында жиі кездесетін заңбұзушылықтарға тоқталып, анықталған қателіктерді түзету бағытында атқарылған жұмыстар туралы кеңінен баяндады.
“Жарнамалардың мемлекеттік тілде жазылуы маңызды дүние. Мемлекеттік тілде жазылса болды демей, оның сауатты жазылуына, аударылуына да назар аудару тиіс. Бүгінде көп қателіктер аударма ісінде кездесіп жатыр. Бұл – өзге тілден тікелей қандайда бір құрылғылардың көмегімен аудара салудың салдары”, деді Гүлназ Серікқызы.
Жоба аясында заңнама талаптарын сақтамаған кәсіпкерлерге тіл және жарнама туралы заң нормалары түсіндіріліп, ақпараттық сипаттағы жадынамалар таратылды.
Түсіндіру жұмыстары барысында биыл 3550 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі қамтылды. Бұдан бөлек, кәсіпкерлерге әдістемелік көмек көрсету мақсатында құрылған тегін Call-center қызметіне келіп түскен 1000-нан астам көрнекі ақпарат пен жарнама мәтіндері тексеріліп, қазақ тілінің тілдік нормаларына сай дұрыс аударма нұсқалары ұсынылды.
Іс-шара соңында «Сауатты жарнама – сауатты кәсіпкер» акциясы аясында кәсіпкерлер арасында заңнама талаптарын түсіндіру бағытында белсенді жұмыс жүргізген жұмыс тобының мүшелеріне, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттеріне алғысхаттар табысталды.
Аталған жоба өңірде тіл саясатын жүйелі жүзеге асыруға, көрнекі ақпарат пен жарнама мәдениетін арттыруға, сондай-ақ кәсіпкерлердің заң талаптарына деген жауапкершілігін күшейтуге бағытталған маңызды бастама ретінде жоғары бағаланды.