
Шет аудандық сотымен 2025 жылдың 28 қазанында Шет ауданы полиция бөлімінің инспекторы Б-ға қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 75-бабының 5-бөлігімен көзделген әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды.
2025 жылдың 6 қазанында Шет ауданы полиция бөлімінің инспекторы Б. азамат С-ға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырған. Хаттама С.-ның қатысуынсыз, орыс тілінде толтырылған, іс жүргізу тілін анықтамай, іс-құжаттарын қазақ тіліне аудармаған, құқықтары мен міндеттерін түсіндірмей және іс материалдарымен таныстыру мүмкіндігін бермеген.
2025 жылдың 14 қазанында С. Шет аудандық сотына арыздана отырып, оның конституциялық құқығы – тіл таңдау құқығы бұзылғанын көрсетті. Ол инспектор Б-ні Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 75-бабының 5-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартуды сұрады.
ӘҚБтК 803-бабына сәйкес, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалған кезде іс жүргізудің тілі анықталады. Өзіне қатысты іс қозғалған тұлғаға, сондай-ақ іс бойынша іс жүргізудің басқа да қатысушыларына олардың осы Кодексте көзделген құқықтары мен міндеттері түсіндіріліп, бұл жөнінде хаттамада белгі жасалады.
Сотта Б.-ның іс жүргізу талаптарын орындамағаны толық дәлелденді. Іс материалдарында тіл туралы қаулының жоқтығы анықталды.
Қарағанды облысының Шет аудандық сотының 2025 жылғы 22 қазандағы қаулысымен қозғалған әкімшілік іс бойынша құқық бұзушылық құрамы болмауына байланысты, ӘҚБтК-ның 462-бабының 3-бөлігімен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылған С-ға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс тоқтатылған. Бұл іс бойынша Шет ауданы полиция бөлімінің инспекторы Б-ға тіл туралы заң нормаларын сақтамағаны үшін жекеше қаулы шығарылған, яғни оны тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы сот актісі қабылданған.
Сот Б-ні кінәлі деп танып, 39 320 теңге мөлшерінде айыппұл салу туралы шешім шығарды. Қарағанды облыстық сотының апелляциялық алқасымен Шет аудандық сотының бұл қаулысы өзгеріссіз қалдырылды.
Бұл оқиға — мемлекеттік тілдің мәртебесі заңмен қорғалатынының айқын дәлелі.