
28 қараша күні Нұра ауданында Мәдениет үйінде «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауының іріктеу кезеңі өтті. Жарысқа қала мектептерінен алпыстан астам оқушы қатысып, «Бөгенбай батыр» жырын (жырау Тастыбай Жағыпарұлы нұсқасы) жатқа айтудан сайысты.
Байқаудың ашылу салтанатында Нұра ауданы әкімінің орынбасары Салтанат Мұқанова сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Ал іс-шараға арнайы келген Қарағанды облысының Тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Алма Шалабаева мен «AMANAT» партиясының аудандық филиалының төрағасы Ғалия Дәуренбекова байқауда бақ сынап жатқан өрендер мен ұстаздарға рухани дем беріп, өнерлерін тамашалады.
Байқауға «Тұлпар мініп, ту алған» жобасының Қарағанды облысындағы жетекшісі Дәурен Сейітжанұлы, Е.А.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Жансая Жарылғапов, Нұра ауданының ішкі саясат бөлімінің басшысы Данияр Алшынбаев, Нұра ауданының мәдениет үйінің директоры Әділбек Құмар, Халықаралық «Қазақ тілі» бірлестігі Нұра аудандық филиалының төрайымы Күлтай Әкімжанова қазылық етті.
Сайыс барысында оқушылардың жырды кідірмей, мүдірмей оқуы, жырды толық жаттауы, мәнерлеп айтуы басты критерий ретінде ескерілді.
Нәтижесінде қазылар шешімімен Нұра ауданы бойынша үш оқушы мен олардың ұстаздары жеңіс тұғырынан көрініп, байқаудың облыстық кезеңіне жолдама алды:
1 орын (150 мың теңге) – Абай атындағы Шұбаркөл ЖББМ-нің оқушысы Гүлназ Ауғанбайқызы, дайындаған мұғалімі - Гүлсая Ондыбаева.
2 орын (100 мың теңге) – Абай атындағы Шұбаркөл ЖББМ-нің оқушысы Айзере Өмірханқызы, дайындаған мұғалімі - Гүлсая Ондыбаева.
3 орын (70 мың теңге) – Р. Асубаев атындағы ЖББМ-нің оқушысы Елнұра Байменде, жетекшісі - Нұргүл Әбілдина.
Айта кетейік, Қарағанды облысында «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауы қыркүйек айында жарияланған болатын. 6–10 сынып оқушылары арасында өтіп жатқан байқаудың аудандық (қалалық) кезеңі 20-қарашада басталып, 28 қараша күні Нұра ауданымен аяқталды. Ал облыстық кезең 10 желтоқсанда өтеді деп жоспарланып отыр.
#қарағандыоблысыныңтілдердідамытужөніндегібасқармасы #тұлпармініптуалған