
27 қараша күні қазақ тілінің ғылыми-технологиялық, инженерлік-инновациялық әлеуетін дамытуға арналған «Сөзжасам» жобасының лингвист ғалымдар мен журналист, блогерлерден тұратын сараптама тобының онлайн отырысы өтті. Жиынға тау-кен саласында сабақ беретін оқытушылар мен мамандар да қатысып, ой қосты.
Отырыста өндірістегі шахта саласына қатысты 75 термин талданып, олардың ішінен 44 терминге қазақша балама ұсынылды. Талқылау барысында қазақ тілінің байырғы сөздерін орынды жерінде қайта қолданысқа енгізу, мағына дәлдігі мен салалық сәйкестікті сақтау басты назарда болды.
Сарапшылар сөздің ішкі мағыналық қатпарына үңіліп, ерекшелігін егжей-тегжейлі қарастырды. Осы ретте, тіліміздегі сөзжасам заңдылықтарын басшылыққа ала отырып, әр ұғымға сәйкес келетін ең дәл әрі қолайлы нұсқаларды таңдады. Жұмыс барысында қызу пікірталас, кәсіби сараптама және ортақ шешімге келу үдерісі айқын көрінді.
Нәтижесінде 44 термин іріктеліп, салалық коммуникацияда қолдануға ұсынылды. Байырғы сөздерден «дулыға»,«шөміш»,«күрзі» сияқты сөздер жаңаша сипатқа ие болып, термин ретінде берілгенін атап өтсек.Әрине, ұсынылған терминдер алдағы уақытта бірнеше сүзгіден өтіп, талқыланып барып, қолданысқа енгізілетіні белгілі.
«Сөзжасам» жобасы алдағы уақытта да түрлі бағыттар бойынша терминдерді сараптауды жалғастырып, қазақ тілінің терминологиялық қорын байыта бермек.
#қарағандытілдердідамытубасқармасы #сөзжасамқарағанды #сөзжасам