
«Ұлттық диктант» жобасы-мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға, азаматтардың жазу сауаттылығын жетілдіруге және ұлттық бірегейлік пен тілдік мәдениетті нығайтуға бағытталған.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған «Ұлттық диктант» іс-шарасына «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының Қарағанды облысындағы кәсіпорын қызметкерлері қатысты. Жоба аясында мемлекеттік тілді еркін меңгерген қатысушылар қазақтың ұлы ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлының 1913 жылы «Қазақ» газетінде жарық көрген «Оқу жайы» атты (123 сөз) мақаласынан үзінді жазып, өздерінің тілдік сауаттылығын көрсетті. Ал қазақ тілін екінші тіл ретінде үйреніп жүрген өзге ұлт өкілдері «Отан» тақырыбындағы мәтінді (93 сөз) жазып ұсынды. Диктант мәтінін оқыған- Ресурстық тіл орталығының бөлім басшысы Жұпар Рысқұлқызы мен тіл орталығының маманы Арайлым Кенжеқызы.
Айта кетейік, қазан айынан бері Қарағанды облысы бойынша бекітілген тақырыпта 5 400-ге жуық адам диктант жазып, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға, ұлттық бірегейлік пен тілдік мәдениетті нығайтуға атсалысты.