«Көрнекі ақпарат пен жарнама тілін біріздендіру» әлеуметтік жобасы

«Көрнекі ақпарат пен жарнама тілін біріздендіру» әлеуметтік жобасы

Қарағанды қаласында «Көрнекі ақпарат пен жарнама тілін біріздендіру» әлеуметтік жобасы аясында жұмыс тобының мүшелері мен еріктілер сәуір -қыркүйек айлары аралығында Қарағанды қаласында орналасқан 1800-ден аса шағын және орта бизнес өкілдеріне «ҚР Тіл туралы» заңнама талаптарын түсіндірді.

Ал «Call-center» қызметінің мамандары сәуір айынан бастап 400-ден аса көрнекі ақпаратты, оның ішінде ауызша ақпарат, прейскуранттар, нұсқағыштар, хабарландырулар, жарнамаларды мемлекеттік тілге сауатты әрі тегін аударып берді.

Еске сала кетейік, көрнекі ақпаратқа қатысты кемшіліктерді жоюға бағытталған бұл әлеуметтік жоба Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының тапсырысы негізінде 2020 жылдан бері іске асуда.

-«Көрнекі ақпарат пен жарнама тілін біріздендіру» әлеуметтік жобасы ең алдымен кәсіпкерлерге тиімді. Өйткені қалада орналасқан мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы ұйымдардың, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің көрнекі ақпараттарының «Тіл туралы» және «Жарнама туралы» заңнама талаптарына сәйкестігі қаралады. Заңнама нормаларын түсіндіру, кәсіпкерлерге көрнекі ақпарат бойынша тегін аударма қызметін ұсыну, жарнама мен ақпарат мәтіндеріндегі қатені анықтау -жобаның басты міндеті,-деді Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Алма Шалабаева.

Әлеуметтік жоба аясында «Сауатты жарнама -сауатты кәсіпкер» акциясы ұйымдастырылған. Акция шеңберінде бес жұмыс тобы құрылып, бес бағыт бойынша көрнекі ақпаратқа мониторинг жүргізуде.

Маңдайшадағы жазулар, тақтайшадағы хабарландырулар мен жарнамалардың заң талабына сай жазылғаны қаралады. Бұл ретте кәсіпкерлер көрнекі ақпаратты орналастырғанда немесе жарнама ұсынғанда тілдік нормаларды сақтамай, олқылықтарға жол берсе, жұмыс тобының жетекшілері мен еріктілері оларға заң нормаларын түсіндіреді.

Аудармаға қатысты сұрақтар туындаған жағдайда, кәсіпкерлер call-орталыққа

8 (775) 163-00-00 нөмірі арқылы хабарласа алады.

#қарағандытілдердідамытубасқармасы #көрнекіақпаратжобасы #сауаттыжарнама