Құтты болсын!
«Ұрпағым, саған айтам…»
Ж. Нәжімеденов атындағы республикалық көркемсөз оқу байқауында қарағандылық Владислав Горизанов үшінші орынды жеңіп алды.
Қазақтың көрнекті ақыны, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні авторларының бірі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Жұмекен Нәжімеденовтың 90 жылдығына арналған көркемсөз оқу шеберлерінің республикалық байқауында өзге ұлт өкілі – Горизанов Владислав Владимирович сайдың тасындай іріктелген қатысушылар сапында топ жарды.
Жеке кәсіпкерлік саласында қызмет ететін жеңімпазымыз:
«Қазақ тілін бір кісідей білемін,
Осы тілмен қыран болып түлеймін.
Тілек тілеп, меңгерген соң дәстүрін,
Қазақтармен бірге соққан жүрегім», – деп тілге деген құрметін өлеңмен өрнектеді.
Байқаудың мақсаты – ақынның әдеби мұрасын жастар арасында насихаттау, оның шығармашылығы арқылы адамгершілікке, ұлттық рухқа, отансүйгіштікке тәрбиелеу.
«Ұрпағым, саған айтам…» тақырыбымен айшықталған республикалық сайысқа еліміздің түпкір-түпкірінен қатысушылар жиналып, поэзиялық және прозалық шығарма номинациялары бойынша бақ сынады. Біздің облыс атынан Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының жолдауымен қатысқан Владислав Горизановтың жүлделі үшінші орынды иеленуі -айтулы жетістік. Жеңімпазды жеңісімен құттықтаймыз!
P.S. Владислав Горизановқа байқауға қатысуға арнайы киім үлгісін ұсынған жергілікті «Нұрәсем» сән үйі ұжымына зор алғыс!
#қарағандытілдердідамытубасқармасы