Сот істерін мемлекеттік тілде қарау: мәселелері және шешу жолдары

Сот істерін мемлекеттік тілде қарау: мәселелері және шешу жолдары

Қазақстан халқы тілдері күні мерекесі қарсаңында Қарағанды облыстық сотында «Сот істерін мемлекеттік тілде қарау: мәселелері және шешу жолдары» тақырыбында Қарағанды облыстық сотының төрағасы Ерден Рауанұлы Әріпов төрағалық еткен дөңгелек үстел жиыны өтті.

Кездесуде Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Алма Қабыкенқызы Шалабаева «Мемлекеттік мекемелердегі мемлекеттік тілдің рөлі мен маңызы» тақырыбында баяндама жасап, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтудегі бүгінгі іс-шаралар мен міндеттерге тоқталды.

Дөңгелек үстел отырысында Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының лингвистикалық мұрасы мен ой-тұжырымдары сөз болып, Қарағанды облысы соттарындағы мемлекеттік тілге қатысты ахуал: статистикалық мәліметтер және тіл заңнамасының бұзылуына байланысты соттардың жеке қаулы, ұйғарым шығару мәселелері де қарастырылды.

Кез келген салада мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, қолданысын кеңейту және қордаланған түйткілдерді бірлесе шешу -уақыт талабы. Сондықтан осындай кездесулер аса маңызды. Тіліміз-баға жетпес мұрамыз. Тілді қастерлеу -баршамыздың борышымыз.

Қазақстан халқы тілдері күні құтты болсын!