Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Алма Қабыкенқызы Шалабаева өңірге жасаған сапары барысында «Балқаш қаласының тілдер орталығы» КММ-нің жұмысымен танысты.
Орталықта қазақ, ағылшын және басқа да тілдерді оқыту жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
Ұтымдысы сол, қалалық тіл бөлімінің мамандары үш тілді үйретуде жергілікті газеттерді тиімді қолдануда. Бұл әрі қазақ тілі контентінің үлесін арттыру, әрі оқырманға өзге тілді меңгеруге мүмкіндік жасау. Мәселен, «Балқаш өңірі» және
«Северное Прибалхашье» газеттерінде «Қазақша аударып жаттығайық» және «Оқиық, үйренейік» сияқты айдарлар тұрақты түрде оқырман назарында. Балқаш қалалық тіл бөлімінің мамандары басылым бетінде сөздіктерді жариялап, тұрғындарға күнделікті қолданыстағы сөздердің қазақша-орысша-ағылшынша аудармасын ұсынып, тіл үйрету жұмысын ұтымды қолға алған.
Жергілікті «Балқаш ТВ» телеарнасы арқылы да диалог форматында сабақ өткізіп, көрерменге мемлекеттік тілді үйрету тәсілін қолдануда. Басқарма басшысы А.Қ. Шалабаева Балқаш қалалық тіл бөлімі мамандарының осы жұмыстарына жоғары бағасын берді.
Тілдер орталығының кітапханасы да 2000-нан астам кітап қорымен молайған. Оқу-әдістемелік құралдар ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырмасы бойынша Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ҰҒПО тарапынан әзірленіп, жинақталған.
Кітаптар қатарында мемлекеттік және ағылшын тілдерін оқытуға арналған әдістемелік құралдар, кәсіби сала сөздіктері, түсіндірме сөздіктерінің томдық жинақтары, этнолингвистикалық сөздік, ағылшын тілінің сөздіктері, жұмыс дәптерлері, жаттығулар, диктанттар жинағы және басқа да оқу-әдістемелік материалдар бар.