Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы 2025 жылғы 1 тамызда қазақтың ұлы ақыны, ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығын тойлау қарсаңында Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық байқауын өткізеді.
Байқаудың мақсаты: жастар арасында қазақ халқының әдеби мұрасын, Абай шығармаларын насихаттау арқылы мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, оның қоғамдық мәртебесін арттыру, сондай-ақ ұлы тұлғалардың поэзиясына, ұлттық рухани мұраға деген сүйіспеншілікті қалыптастыру.
Байқау 2 кезеңнен тұрады:
І кезең - «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы». Бұл кезеңде қатысушылар Абайдың өлеңдерін немесе оның ақын шәкірттерінің шығармаларын жатқа мәнерлеп оқиды.
ІІ кезең - «Абайдың қара сөздері». Бұл кезеңде қатысушылар Абайдың қара сөздерін немесе белгілі қазақ жазушыларының Абайдың өмірі мен шығармашылығына қатысты туындыларынан үзіндіні жатқа мәнерлеп оқиды.
Байқау шарты:
1) байқауға Қарағанды облысының 16-35 жастағы тұрғындары қатыса алады;
2) байқау мемлекеттік тілде өткізіледі;
3) прозалық және поэзиялық шығармалардың әрқайсысын оқу уақыты 2 минуттан аспауы керек;
4) қатысушылар прозалық және поэзиялық шығармаларды жатқа оқуы тиіс;
5) фонограмма пайдалануға тыйым салынады.
Байқау жеңімпаздарын анықтау:
Әділқазылар алқасы жеңімпаздарды дауыс беру арқылы анықтайды және қатысушылардың өнерін бағалау кезінде төмендегі талаптарды ескереді:
1) шығарма мәтінін оқу шеберлігі;
2) дауыс мәнері, әуезділігі;
3) шығарманы таңдау талғамы;
4) сахналық образдың үйлесімдігі.
Байқау жеңімпаздары дипломдармен, ақшалай жүлде қорымен, қатысушылар алғысхаттармен марапатталады.
Жүлде қоры (салықтық төлемдерді қоспағанда):
І орын (біреу) – 150 000 (жүз елу мың) теңге;
ІІ орын (екеу) – 100 000 (жүз мың) теңге;
ІІІ орын (үшеу) – 50 000 (елу мың) теңге;
Байқауға қатысу туралы өтінім 2025 жылғы 28 шілдеге дейін жеке куәліктің көшірмесімен бірге qaz_lingva@mail.ru электрондық поштасы арқылы қабылданады.
Анықтама телефондары: 8/7212/51-38-00, 8-778-283-16-01 (WhatsApp).
Өтінім нысаны
№ | Толық аты-жөні | Туған күні, айы, жылы | Жұмыс немесе оқу орны | Оқитын шығармасы (авторын көрсету қажет) | Байланыс телефоны | |
поэзия | проза | |||||
1 | ||||||