Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының тілдік ортаға бейімдеп оқытуға арналған бес күндік лагері,ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің жоғары бағасына ие болды. Бұл туралы бүгін Астана қаласында Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық семинарында айтылды.
«Тілді дамытуда цифрлық технологияны қолдану және жасанды интеллект мүмкіндіктері» тақырыбындағы ашық диалог алаңында еліміздің әр өңіріндегі тіл оқыту, тілдің қолданыс аясын кеңейту бағытында заманауи әдіс-тәсілдерді қолдану мәселелері қарастырылып, біздің тілдік лагерь жобасының жай-жапсары таныстырылды.
Айта кетейік, тілдік ортаға бейімдеп оқыту бойынша ересектерге арналған бес күндік тілдік лагердің басты артықшылығы – курс тыңдаушылары қазақы қалыптағы тілдік ортаға ене отырып, мемлекеттік тілді меңгереді. Лагерде болған күндері тыңдаушылар тек тіл үйреніп қана қоймай, қазақ халқының салт-дәстүрі мен тарихи-мәдени құндылықтарымен кеңінен танысады.
Тілдік лагерге Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы ұйымдастырған тіл оқыту курстарының үздік тыңдаушылары іріктеліп алынды. Тілдік лагерь биылғы жылы маусым айының 23–27 аралығында өткізілді. Бес күндік тілдік лагерь курсын аяқтаған 21 тыңдаушыға арнайы сертификат табысталды.