«АБАЙ – ӘЛЕМДІК ОЙДЫҢ АЛЫБЫ»

«АБАЙ – ӘЛЕМДІК ОЙДЫҢ АЛЫБЫ»

Достық үйінде халқымыздың ұлы ойшылы, ақын әрі ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай әдеби-танымдық кеш өтті.

Абай мұрасы — ұлт руханиятының алтын қазынасы. Ұлы ақын шығармаларының идеялық түпқазығын, маңызын түсіндіру, көпшілікке Абай даналығын дәріптеу мақсатында Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен тақырыптық іс-шаралар облыстық деңгейде тұрақты түрде өткізіліп келеді.

Ал бүгінгі кеш — Абай апталығы аясында өткен бірнеше іс-шараның қорытындысы десе де болады.

Ақын шығармаларын насихаттауға атсалысқан белсенді азаматтарды ынталандыру мақсатында ұйымдастырылған әдеби кешке өңіріміздің қоғам өкілдері, тіл жанашырлары мен әр сала мамандары қатысты. Алдымен Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай түсірілген бейнероликтерге қатысып, ұлы ақынның шығармашылығын дәріптеуге үлес қосқан азаматтарға Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Алма Қабыкенқызы Шалабаеваның алғыс хатын табыс етті.

Кеш барысында Абай шығармалары арқылы дәстүрлі әндерді жаңғырту мақсатында өткізілген «Әнді сүйсең, менше сүй» облыстық байқауының жеңімпаздары да марапатталды. Өнер додасына қатысып, үздік деп танылған облыстық ардагерлер мен этномәдени бірлестік ансамблдеріне арнайы дипломдар мен сый-сияпаттар ұсынылды.

Мектеп жасына дейінгі балаларды Абай шығармаларымен таныстыра отырып, қазақ тіліне, туған жеріне деген құрметін қалыптастыру және мемлекеттік тілді үйренуге деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында өзге этнос өкілдерінің балалары арасында өткізілген «Абай әлемі» облыстық фестивалінде өнерімен көзге түскен бүлдіршіндер командаларына да арнайы дипломдар мен сыйлықтар табыс етілді.

Салтанатты кеш барысында «Аққу» фольклорлық би ансамблінің бишілері өнер көрсетті. Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің әншілері Әсел Іргебай, Гүлбану Серікова, Медет Осатаев пен «Арай» триосы Абайдың әндерін әуелетті. Әдеби кештің көркін қыздырып, көрерменнің қошеметіне бөленді. #қарағандытілдердідамытубасқармасы #абаймерейтойы180