Тілім барда айтылар сөз ойдағы.

Тілім барда айтылар сөз ойдағы.

«Тіл — ұлттың сүйенетін тамыры, сыйынатын тәңірі» деп халқымыз бекер айтпаған. Ақ сүтпен бойға сіңген ана салтымыз, қанымызбен дарыған ұлттық рухымыз, қазақы болмысымыздың қайнар көзі — ұлттық үніміз, қазақ тіліміз — елдігіміздің еңсесі.Тіл тұғырының биікке көтерілуі — халық мәртебесінің жоғарылауы және бұл ретте мемлекеттік тілдің абыройы асқақтап, туған тіліміздің қоғам өміріндегі маңызы мен салмағы күн санап арта түсуде.

Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы қолданыста. Тұжырымдамада тіл саясатын жүзеге асырудың негізгі бағыттары мен индикаторлары айқындалған.Бірінші бағыт — тілдік ортаға негізделген тіл саясатын жүргізу, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту.Бұл бағыт  аясында, Қарағанды өңірінде мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесі 2024 жылы 68%-ды құраса, 2025 жылы бұл көрсеткішті 68,5%-ға жеткізу көзделіп отыр.

 

— Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында 2024 жылы «Қазтест» жүйесі бойынша диагностикалық және сертификаттық тестілеуге жалпы саны 1847 адам қатысып, олардың 94,8%  тіл білу деңгейін дәлелдеді. Ал биылғы жылдың сәуір айында 481 адам тест тапсырып, бұл санаттағы азаматтардың 96% өз тілдік деңгейін растады, — дейді Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Шалабаева Алма Қабыкенқызы.

 

Тілдік норманың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында облыс көлемінде мекемелердің шығыс құжаттарының мемлекеттік тілдегі үлесіне тоқсан сайын мониторинг жүргізіліп, қорытынды ақпарат ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитетіне жолданып отыр.Тіл туралы заңнаманың сақталуы бойынша Қарағанды облысында 2025 жылдың І жартыжылдығына бекітілген жоспарға сәйкес мерзімді тексеріс аяқталғанын да айта кеткен жөн.

Жалпы, қазақ тілінде ауызекі сөйлеу дағдысын қалыптастыру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар өз нәтижесін беруде, — дейді басқарма мамандары. Мәселен, Қарағанды қаласында «Сөйлеп үйрен» клубы, Балқаш қаласында «Маржан сөз», ал Теміртау қаласында «Оңай тіл» атты сөйлесу клубтары тұрақты жұмыс істеп келеді. Бір қала мен екі аудан халқы үшін қызмет көрсететін «Мәміле» клубының іскерлігі де кеңейген.Тағы бір игілікті іс — былтыр Теміртау қаласында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы оқыту кабинеті ашылса, биыл Шахтинск қаласында тіл үйренушілер үшін «ТІЛ-FEST» атты заманауи сөйлесу алаңы өз жұмысын жандандырды. Сонымен қатар, бүгінде  Қарағанды облысының тілдерді  дамыту жөніндегі басқармасы ұйымдастыруымен, Қарағанды қаласының әкімдігі  қолдауымен   қазақ тілін үйренуге  арналған  жаңа жоба- ахуалдық лагерлер  іскерлігін бастап жатыр.  Тілдік ортаға бейімдеп оқытатын  ересектерге арналған лагерде  қатысушылар бір  апта бойы қазақша  сөйлеп, яки тілдік  ортаға еніп, мазмұнды бағдарлама, ойын сабақтары және теориялық тапсырмалар  арқылы  қазақшаны үйренеді. Әрі тіл үйренушілер қазақ халқының  салт -дәстүрімен тарихи-мәдени құндылықтарымен  кеңірек  танысады. Бұл бастамалар облыс тұрғындарының мемлекеттік тілді меңгеруге деген ынтасын арттырып, тіл үйренуге қолжетімді орта қалыптастыруға жол ашып отыр.

 

Қарағанды облысы мемлекеттік тілді оқытуда еліміз бойынша озық тұрған оқу-әдістемелік кешенді қолдануда.

«Сарыарқа-3» оқу-әдістемелік кешені – ересектерге мемлекеттік тілді үйретуде республика бойынша баламасы жоқ оқулықтар топтамасы.Тіл үйрету барысында қолданылатын оқулық тапсырмалары мазмұны жағынан көңілге қонымды,тілді меңгертудің әдістемесі жеңіл әрі қолжетімді, оқу құралы көрнекі және қызықты болса – оқырманды тартатыны сөзсіз.Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында қазақ тілін оқыту әдістемесінің жаңа мазмұнын қалыптастыруға соңғы бірнеше жыл ерекше көңіл бөлінді.Осы жұмыстың жетістігі-заманауи веб-сайты және QR-коды бар, республика бойынша баламасы жоқ «Сарыарқа-3» оқу-әдістемелік кешені әзірленді.Атап айтқанда:

  • А1 деңгейіне арналған оқу құралы YouTube арнасы мен арнайы сайтымен
  • А2, B1, B2 деңгейлеріне арналған «Сарыарқа-3» оқу-әдістемелік кешендері де веб-сайтымен даярланды. Ал, биылғы жылы С1 жоғары деңгейге арналған «Сарыарқа-3» кешені веб-сайтымен әзірленуде. Бұл оқу әдістемелік кешен Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының тапсырысымен облыстық тілдерді оқыту орталығының базасында құрастырылды.

-«Сарыарқа-3» оқу-әдістемелік кешенінің ерекшелігі бұл- республика бойынша баламасы жоқ, ересектерге мемлекеттік тілді үйретуге арналған  оқу-әдістемелік кешен. Бұл кешенмен оқытуда YouTube арнасы,сайт және аудиомәтіндер сақталған сайт бар. Оқу  құралының YouTube арнасында грамматиканы  бекітуге арналған дайын  видео сабақтар ,подкастар және  белгілі  бір  тақырыптарға арналған сөз орамдарын қолдана отырып  әзірленген  жағдаяттық   видеороликтер бар,- дейді Қарағанды облысының тілдерді оқыту орталығының директоры Игенова Алмагүл Ақмашқызы.

 Қазақ тілін үйренуге аса ыңғайлы оқу-құралдарын мына сілтеме  арұылы https://www.youtube.com/channel/UCAViD7jGh7XTyrbCgBmuHnw көруге  болады.

 

Сонымен қатар, бүгінде «Сарыарқа» оқу-әдістемелік кешенінің түрлі-түсті танымдық қосымшасы (хрестоматиясы) жарық көрді. Онда халқымыздың салт-дәстүрі, мәдениеті, тарихы туралы мәліметтер тіл үйренушілердің деңгейіне қарай бейімделіп ұсынылған.

Туған тіліміз өз елімізде тұғырын тіктеп, беделін биіктету үшін мемлекеттік тілді тегін үйрету курстары тіл меңгеруге ықыласты азаматтардың сұранысына сай үздіксіз қызметін ұсынып отырғанын да айта кетейік. Қазақ тілін үйренушілер қатары артқан сайын, мемлекеттік тілдің қолданыс көкжиегі де кеңейетіні сөзсіз.

Осы мақсатта облысымызға қарасты қала орталықтарында 6 оқыту орталығы мен 8 оқыту курсы жұмысын жолға қойған. Тіл үйрету курстары Ақтоғай, Абай, Бұқар жырау, Осакаров, Нұра, Приозерск, Шет аудандары мен Қарқаралы қаласында іскерлік етіп отыр.  Биылғы жылы қазақ тілін оқыту курстары аясында 4756 адамды қамту жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін мемлекеттік тілді оқыту курстарына 2 мыңға жуық адам қатысты.

 

— Қарағанды облысында мемлекеттік тілді оқыту курстары жүйелі түрде, дұрыс жолға қойылған. Тіл оқыту курстары ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді болып бөлінеді. Ұзақ мерзімді оқыту курстары — 3 айға есептеліп, 120 академиялық сағатты құрайды. Олар «Сарыарқа» оқу-әдістемелік кешені негізінде жүргізіледі. Қысқа мерзімді курстарға арналған арнайы оқу бағдарламасы бар. Сонымен қатар, Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының тапсырысымен арнайы оқу құралдары әзірленген, — деді Қарағанды облысының тілдерді оқыту орталығының директоры Игенова Алмагүл Ақмашқызы.Бастысы — ниет болса болғаны, мемлекеттік тілді тегін үйренуге, қысқа және ұзақ мерзімді курстар арқылы қазақ тілін қалағаныңызша меңгеруге толық мүмкіндік бар.Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен мемлекеттік тілді оқытудың тегін курстарына өтінім қабылдаудың кезекті кезеңі басталғанын  да айта кетейік.Тіл меңгеруге ниетті азаматтар ұзақ және қысқа мерзімді қазақ тілі курстарына 8-702-448-98-68 нөмірі арқылы жазыла алады.

Тіл мәртебесі — ел мерейі. Туған тіліміздің абыройын асқақтату — әрбір азаматтың парызы. Қазақ тілі қазақ елінде тұғырын тіктеп, сән-салтанат құруы үшін әрбір азамат ана тілін жетімсіретпей, босағадан төрге, төменнен биікке көтеруі қажет.Ұрпақтан ұрпаққа, атадан балаға мирас болып келе жатқан баға жетпес мұрамыз — тілімізді қастерлеу — борышымыз. Өйткені тіл — ұлттың ұйтқысы. Сөзі өз тілінде шыққан халықтың егемендігі баянды, тұғыры қашан да биік.

 

Қарағанды облысының тілдерді  дамыту жөніндегі басқармасының  баспасөз хатшысы  Б. Мәту.