Бүгін Теміртау қаласында мазмұны терең, тағылымы мол «Өткенге алғыс айтып, болашаққа сеніммен...» атты салтанатты кездесу өтті. Шара Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына, Қазақстан халқының бірлігі күніне және Жұмысшы мамандықтар жылына арналды.
Іс-шара аясында «Qarmet» АҚ-да ұзақ жылдар бойы абыройлы еңбек етіп, өндірістің өркендеуіне айрықша үлес қосқан ардагерлерге құрмет көрсетілді. Олар еліміздің индустриялық дамуында, Теміртау қаласының әлеуметтік-экономикалық өрлеуінде сүбелі еңбек атқарған тұлғалар.
Салтанатты жиынға Теміртау қаласы әкімінің орынбасары Зияшев С.С., сондай-ақ Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің өкілдері қатысты. Қонақтар ардагерлерге жылы лебіздерін арнап, жасаған еңбектері үшін алғыс білдірді. Ардагерлерге және табысты еңбегі мен облыстың қоғамдық-саяси өміріне белсене қатысқан қызметкерлер үшін Қарағанды облысы әкімінің алғыс хаттары табысталды.
Теміртау – көпұлтты, еңбекқор жандардың мекені. Қалада әртүрлі этнос өкілдері бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп, туған қаласының дамуына өз үлестерін қосуда. Бұл – татулық пен бірліктің нақты көрінісі.
Ұрпақтар сабақтастығы, этносаралық достық пен еңбектің қадірін білу – Теміртаудың басты құндылықтары болып қала береді.