
Іс-шара Қазақстан Республикасының Ұлттық инженерлік академиясы қолдауымен ұйымдастырылып, ғылым, білім беру саласының өкілдерін, мемлекеттік құрылымдар мен халықаралық академиялық қауымдастықты біріктірді.
Конференция пленарлық отырыспен басталып, Қазақстаннан және шетелдерден келген құрметті қонақтар мен жетекші сарапшылар сөз сөйледі. Инженерлік білім беруді дамыту, инновациялар және ғылымды өндіріспен ықпалдастырудың өзекті мәселелері талқыланды.
Іс-шара аясында ынтымақтастық туралы екі меморандумға қол қойылды: Constructor University (Германия) университетімен – академиялық және ғылыми өзара іс-қимылды дамыту жөнінде, сондай-ақ «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы шеңберінде Қарағанды облысы бойынша Экология департаменті және «Гордорсервис-Т» ЖШС қатысуымен келісім жасалды.
Маңызды оқиғалардың бірі – марапаттау рәсімі болды. Онда университеттің ғалымдары мен қызметкерлері, соның ішінде Қазақстан Республикасының Ұлттық инженерлік академиясы корреспондент-мүшелері дипломдарының иегерлері атап өтілді.
Сонымен қатар жаңа білім беру және ғылыми кеңістіктер – «Intellect Media Hub» студиясы және студенттердің тәжірибелік әрі зерттеу құзыреттерін дамытуға бағытталған екі заманауи зертхана ашылды.
Конференция жұмысы секциялық отырыстар форматында жалғасын тауып, онда 200-ден астам баяндама ұсынылды. Қатысушылар нанотехнологиялар мен цифрландырудан бастап экология және тұрақты даму мәселелеріне дейінгі кең ауқымды тақырыптарды талқылады. Конференция бес секциядан тұрды, олардың бірі – «Мемлекеттік басқарудағы «Жаңару» антикоррупциялық қағидаттары: академиялық адалдық және қоғамның парасаттылығы» атты секция алғаш рет ұйымдастырылып, ашықтық пен этика мәселелерінің өзектілігін айқындады.
Аталған конференция инженерлік ғылым мен білім беру саласында тәжірибе алмасуға, ынтымақтастықты дамытуға және инновацияларды ілгерілетуге маңызды алаң болды.