
Қарағанды облысында «Эко-қаһарман» облыстық экологиялық байқауының қорытындылары шығарылды. Акцияға өңірдің 30 білім беру ұйымынан 500 оқушы қатысып, 339 келі пластик пен 7323,9 келі макулатура жинады.
Байқау 2024–2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы және «Бөл, өткіз, қайта өңде!» бастамасы аясында өтті. Оның мақсаты – оқушыларда қалдықтарды сұрыптау әдетін қалыптастыру және қоршаған ортаға ұқыпты қарауға баулу. Жұмыс екі бағытта жүргізілді: «Макулатура жина – ағашты сақта!» және «Пластикті кәдеге жарату – планетаға ауа керек!».
Ұйымдастырушы – Қарағанды облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы. Серіктестер қатарында қайта өңдеу кәсіпорындары мен жастар ұйымдары болды.
Байқауға Қарағанды, Теміртау, Саран, Шахтинск және Абай қалаларынан 30 мектеп командасы қатысты. 8–15 жас аралығындағы оқушылар тек қайталама шикізат жинап қана қоймай, әлеуметтік желілерде экологиялық әдеттерді насихаттады.
— Акцияның мақсаты — қалдықтарды бөлек жинау және қайталама шикізатты қайта өңдеуге тапсыру арқылы халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, — дейді Қарағанды облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бахтияр Санбаев. — Экологиялық тәрбиені неғұрлым ерте бастасақ, соғұрлым нәтижесі жақсы болады деп есептеймін. Біз балаларға жастайынан қоқыс тастамауды, табиғатты қорғауды және байлығымызды ұқыппен сақтауды үйретеміз.
Қорытынды үш номинация бойынша шығарылды: «Макулатура жинау көшбасшылары», «Пластик жинау көшбасшылары» және «Instagram-дағы ең белсенді команда». Соңғысында креативтілік, жарияланымдардың тұрақтылығы және экологиялық өмір салтын насихаттауға қосқан үлес ескерілді.
№45 мектеп-гимназиясы үш номинация бойынша жүлдегер атанып, екі бірінші және бір екінші орынды иеленді. Оқушылар 967 кг макулатура және 70 кг пластик бөтелке жинаған.
Жеңімпаздарға дипломдар мен сыйлықтар табысталды. Барлық қатысушыларға-алғыс хаттар.