
Қарағанды облысында алдағы жаңа жылдық мерекелерге байланысты заңсыз шырша кесу жағдайларын болдырмау мақсатында және Қарағанды облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының 25.11.2025 жылғы №125 «2025 жылдың жаңа жыл алдындағы кезеңде қылқан жапырақты жас ағаштарды қорғауды күшейту туралы» бұйрығына сәйкес қылқан жапырақты жас шыбықтарды қорғау шаралары күшейтілді.
Заңсыз кесулер мен жасыл желектерге зақым келтірудің алдын алу мақсатында 2025 жылғы 1 желтоқсаннан бастап Қарағанды қаласына жақын орналасқан мемлекеттік орман қоры аумағында, сондай-ақ Теміртау, Саран, Абай, Шахтинск қалалары мен Осакаров, Бұқар Жырау, Қарқаралы және Ақтоғай аудандарындағы қылқан жапырақты ормандарда жаңа жыл алдындағы қылқан жапырақты ағаштарды қорғау шаралары басталады.
Қазақстан Республикасының орман заңнамасын бұзумен келтірілген зиянның мөлшерін есептеу үшін 22.09.2023 жылғы №265 Базалық мөлшерлемелеріне сәйкес, қылқан жапырақты жас ағаш пен жас шыбықтың 1 данасын жою немесе зақымдау үшін зиян мөлшері 15 АЕК (58 980 теңге) құрайды.
Сонымен қатар, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 381-1-бабына сәйкес, орман қоры құрамындағы ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау салдарынан 100 АЕК-ке дейін зиян келтіру жеке тұлғаларға 100 АЕК (393 200 теңге) көлемінде айыппұл салуға әкеп соғады. Ал осы әрекеттер ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда жасалған жағдайда жеке тұлғаларға 150 АЕК (589 800 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады.
Егер келтірілген зиян 100 АЕК-тен асып, елеулі көлемге жетсе, ҚР Қылмыстық кодексінің 340-бабына сәйкес, ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау үшін жеке тұлғаларға 180 АЕК-ке дейін (707 760 теңге) айыппұл салынады немесе осы мөлшерде түзеу жұмыстары, 180 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, не 45 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қолданылады, сондай-ақ мүлкі тәркіленеді.