Қарағанды орман шаруашылығының жаңа әкімшілік ғимаратының салтанатты ашылуы өтті

Қарағанды орман шаруашылығының жаңа әкімшілік ғимаратының салтанатты ашылуы өтті

Атқарылған жұмыстарға қысқаша шолу жасайық.

Соңғы 3 жылда атқарылған істердің көлемі — соңғы 30 жылда болмаған деңгейде!

Экологиялық кодекстің уақтылы қабылдануы, облыс пен республиканың қолдауы және басшылықтың креативті көзқарасының арқасында облыстағы барлық орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасы толық жаңартылды.

Барлық аудандарда жаңа өрт сөндіру бекеттері салынды. Бұл жобалардың сметалық құжаттары Қарағандыда әзірленіп, бүгінде республика бойынша үлгі ретінде таратылып отыр.

Жалпы ауданы 80 гектар болатын питомникте көшеттер өсірілуде. Ағаш отырғызу жұмыстары жүйелі түрде жүргізіледі, отырғызылған көшеттердің жерсіну көрсеткіші 85%, бұл — республика бойынша ең жоғары көрсеткіштердің бірі.

Алда — ауқымды жоба! «Таза Қазақстан» акциясы аясында Қарағанды қаласының әкімі шешімімен шамамен 3000 гектар жер бөлініп, елордадағы «Жасыл белдеу» жобасының үлгісінде орман белдеуі отырғызылмақ. Бұл — экологияны жақсартуға, тұрғындардың демалыс аймағын кеңейтуге және орман алқабын ұлғайтуға бағытталған маңызды бастама.

Мекеме бүгінде заманауи техникамен толық жабдықталған. Құрлықта да, суда да, ауада да жұмыс істеуге арналған көліктер, арнайы киім, байланыс құралдары және жедел қызмет топтарына арналған қару-жарақ бар. Егер бұрын небәрі 3 техника болса, бүгінде олардың саны 50-ден асты!

Бұрынғы ескі ғимараттың орнына 350 млн теңгеге салынған екі қабатты заманауи кеңсе тұрғызылды. Кең әрі жайлы, жұмыс істеуге барлық жағдай жасалған.

Мекемеде кадр дайындау мен ұрпақтар сабақтастығына үлкен көңіл бөлінеді. Тәжірибелі мамандар мен жас кадрлар иық тірестіре еңбек етуде. Кеше ғана жас маман болған Роллан Түсүпбеков пен Мирас Қасымхан бүгінде орман шаруашылығын басқарып отыр — бұл жастардың өсіп, жетекші маманға айналғанының жарқын мысалы.

Қызметкерлердің еңбекақылары едәуір артқан — жылдық еңбекақы қоры 1,2 млрд теңгеден асты.

Бұрын жүйеде 76 адам еңбек етсе, бүгінде 315 тұрақты және 70 маусымдық жұмыскер, барлығы 400-ден астам адам жұмыс істейді. Қызметкерлер үшін жайлы тұрмыстық жағдайлар, демалыс аймақтары мен инфрақұрылым толық жасалған.

Салтанатты шараға мекеме ардагерлері шақырылып, оларға естелік сыйлықтар табыс етілді.

Құттықтау сөздерімен облыстық мәслихат төрағасы Нұрлан Қобжанов пен облыс әкімінің орынбасары Рүстем Кенжебеков сөз сөйлеп, қызметкерлерді марапаттады.

Орман өссе — ертеңіміз де нұрлы, сеніміміз де берік!