Қарағанды облысында су және балық шаруашылығы қызметкерлері кәсіби мерекелерімен құттықталды

Қарағанды облысында су және балық шаруашылығы қызметкерлері кәсіби мерекелерімен құттықталды

Салада еңбек етіп жүрген мамандарға мемлекеттік және ведомстволық наградалар, Құрмет грамоталары мен алғыс хаттар табысталды. Салтанатты шараға Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қатысып, сала қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Әкім өз сөзінде Премьер-Министр Олжас Бектеновтың құттықтау хатын оқып беріп, бұл мамандықтардың ел экологиясы мен экономикасы үшін маңызын атап өтті:

— Әрбір көрсеткіштің артында сіздердің еңбектеріңіз, тәжірибелеріңіз бен жанашырлықтарыңыз тұр. 2025 жыл — Жұмысшы кәсіптер жылы деп жарияланды. Бұл — ел дамуына өз үлесін қосып жүрген мамандарға деген құрметтің белгісі, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

«Құрмет» орденімен су шаруашылығы ардагері Дүйсембай Әбжанов марапатталды, ол бұл салада 50 жылдан астам уақыт еңбек еткен.
Балық шаруашылығы саласындағы мінсіз еңбегі үшін Қаныш Сәтбаев атындағы арнада биомелиорация бөлімінде егерь болып жұмыс істейтін Боранбай Байтасов төсбелгімен марапатталды.

— Зейнетке шыққаннан кейін ішкі істер органдарынан су арнасына егерь болып келдім. Балық аулауды бақылап, заңсыз балықшыларды анықтаймыз. Жұмыс таза ауада өтеді, тіпті кейде күн сайын 200 шақырым жүріп өтеміз. Еңбегімнің еленгеніне қуаныштымын, — деді Боранбай Байтасов.

Сонымен қатар, бірқатар маманға Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамоталары, Балық шаруашылығы комитеті мен облыс әкімінің алғыс хаттары табысталды.

Айта кетейік, Су шаруашылығы қызметкерлерінің күні – 9 шілдеде, ал Балық шаруашылығы қызметкерлерінің күні – шілде айының екінші жексенбісінде атап өтіледі.