Қазақстанда жаңа Су кодексі күшіне енді

Қазақстанда жаңа Су кодексі күшіне енді

Қазақстанда Су ресурстары және ирригация министрлігі әзірлеген жаңа Су кодексі күшіне енді.

Бұл құжатта алғаш рет «су қауіпсіздігі» деген ұғым енгізілді. Яғни, ол – халықты және экономиканы су тапшылығы мен су көздерінің ластануынан қорғау, сонымен қатар трансшекаралық су ресурстарын қорғауда еліміздің мүддесін қамтамасыз ету дегенді білдіреді. Су көздерінің тартылып кетуінің алдын алу үшін «экологиялық ағын» деген жаңа ұғым енгізілді. Бұл - өзен, көл, теңіздердің экожүйелерін сақтау үшін қажетті ең төменгі су деңгейі.

Жаңа кодекс су ресурстарын басқарудың бас және бассейндік жоспарларын әзірлеуді көздейді. Бұл жоспарларда судың болашағы мен болжамдарына қарай нақты мақсаттар, міндеттер мен шешу жолдары анықталады. Бұл жоспарлардың қорытындылары мемлекеттік саясатты жоспарлауда ескеріледі.

Су ресурстарын басқару жөніндегі шешімдерді қабылдауға жұртшылықтың қатысуы кеңейтілді. Енді су бассейндері бойынша құрылған кеңестер су пайдалануды шектеу, су тасқыны мен қуаңшылықтың алдын алу, жергілікті биліктің қателіктерін түзету туралы ұсыныстар бере алады.

Су объектілерін қорғау бойынша талаптар кеңейтілді. Ең алдымен шағын өзендер мен көлдерге баса назар аударылған. Атап айтқанда, енді шағын өзендерге тұйық бөгеттер салуға болмайды. Сулы-батпақты алқаптар мен мұздықтар да арнайы қорғауға алынады. Ал жергілікті атқарушы органдар екі жыл ішінде барлық елді мекендегі су қорғау аймақтары мен белдеулерін айқындауға тиіс.

Жеке тарау климаттың өзгеруіне бейімделу шараларына арналды. Оған өзендер мен көлдерді тазалау мен тереңдету, су деңгейі жоғары болғандағы су нысандарының шекарасын анықтау, елді мекендер мен инфрақұрылымды қорғау үшін арнайы инженерлік жүйелерді жасау кіреді. Сондай-ақ, тасқын және еріген суды жинап, құрғақшылықта пайдалану үшін сақтау, ауыл шаруашылығында тазартылған немесе тұщытылған теңіз суын қолдану қарастырылған. Сонымен бірге, егін айналымын ұйымдастырып, су үнемдейтін жаңа технологияларды пайдалану да маңызды.