Аталған ғылыми-практикалық конференцияны Қарағанды облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы 20 жылдан астам уақыт бойы өткізіп келеді. Конференция Қарағанды облысы бойынша 2024-2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасы шеңберінде экология саласындағы оқушылар мен педагогтардың жобалау – зерттеу жұмыстарының конкурсы түрінде өткізілді.
Қатысушылар қазылар алқасының мүшелеріне зерттеу жұмыстары – презентациялары бар баяндамалар ұсынды. Байқауға қатысушылар жаңа технологияларды қолдана отырып, қоқыстарды қайта өңдеу және су ресурстарын қорғау арқылы қоршаған ортаның ластануын шешу жолдарын ұсынды. Конференцияға облыстың қалалары мен аудандарынан мектеп оқушыларынан 100-ден астам өтінім берілді.
– Ұсынылған көптеген жобалар қоқысты бөлек жинауға, пластикті қайта өңдеуге бағытталғанын атап өткім келеді. Біздің секцияда пластикалық бөтелке қақпақтарын массажға арналған аппликатор төсеніш ретінде пайдаланудың қызықты жобасы ұсынылды, - деп бөлісті конференция қазылар алқасының мүшесі Е. А. Бөкетов атындағы қару зоология кафедрасының қауымдастырылған профессоры Шәйбек Алтынай Жұпарқызы.
№14 мектеп-гимназиясының 9 сынып оқушысы Гүлім Кабаева «Шағын ботаникалық метеостанция» тақырыбында ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұсынды. Жоба аясында ол температураны, желдің бағытын, жауын-шашын деңгейін өлшеуге мүмкіндік беретін қайталама шикізаттан жасалған аспап әзірледі. Бұл жоба қазылар алқасының қызығушылығын тудырып, 1 орынға ие болды.
Жүлделі орындар 5 жас санатына сәйкес бөлінді. Жеңімпаздар номиналы 15 мыңнан 100 мың теңгеге дейінгі электрондық және тұрмыстық техниканы сатып алуға арналған грамоталармен және сыйлық сертификаттарымен марапатталды. Барлық басқа қатысушылар алғыс хаттар мен ынталандыру сыйлықтарын алды: шоперлер, футболкалар, бейсбол қалпақтары және су бөтелкелері.
Жалпы, жоба мектеп оқушылары арасындағы зерттеу белсенділігінің деңгейі өсіп келе жатқанын, олардың экологиялық жағдайды жақсартуға және қоршаған ортаны қорғауға үлес қосуға деген ұмтылысы артып келе жатқанын көрсетті.