Виктор да біздікі!

Виктор да біздікі!

Қазақстан құрамасы синхронды жүзуден Әлем кубогы кезеңінің алтын жүлдегері атанды. Біздің команда 213.7801 ұпай жинап, Бейжіңдегі (Қытай) жарыс иелерін басып озып, акробатикалық бағдарламада бірінші орынға шықты. Күміс жүлдегерлер Қытай өкілдері (205.0300) болды. Үздік үштікті Австралия жауып тастады (196.6266). Әртістік жүзуден Қазақстан құрамасының басым бөлігін Қарағанды мектебінің тәрбиеленушілері, дәлірек айтсақ, Теміртаудың таланттары құрайтынын атап өткім келеді. «Алтынды» жеңіп алған команда құрамында: Әйгерім Құрманғалиева, Этери Какутия (Қар. обл), Наргиза Болатова (Қар. обл), Арина Мясникова (Қар. обл), Анна Павлетцова, Жаклин Якимова, Жәния Жиенғазы, Ксения Макарова (Қар. обл.) өнер көрсетті. Айта кетейік, осы жеңіске дейін қазақстандықтар техникалық бағдарламада «қола» жеңіп алған болатын.

Сонымен қатар, бұл жарыстарда біздің жерлестеріміз ғана емес, Теміртаулық жас әрі өте перспективалы жігіт Виктор Друзин де ерекше көзге түсті. Бейжіңде өткен Әлем Кубогы кезеңінде Анна Павлецовамен жұп болған бұл спортшы күміс медаль жеңіп алды. Ал «еркін соло» бағдарламасында 17 жасар Виктор Друзин «қола» алды.

  1. Филиппо Пелати (Италия, жастар арасындағы әлем чемпионы) - 174.5979 ұпай.
  2. Джорди Касерес Иглесиас (Испания) - 163.5543.
  3. Виктор Друзин - 161.5771.

Біз балаларымызды мақтан тұтамыз! Әлем Кубогының келесі кезеңдері Францияда 3-5 мамыр аралығында, Канадада 31-2 маусымда өтеді. Венгрияда 5-7 шілде аралығында суперфинал өтеді.