«Темір адам» Қарағандыға келді…

«Темір адам» Қарағандыға келді…

Қазақстанның «TEMIRADAM» атағының бес дүркін иегері, Жетісу облысы Ескелді ауданының ардагер спортшысы Бақытжан Бектенов 23 наурызда велосипедпен Астанадан шықты!

- Өткен жылы мен Отан қорғаушылар күніне орай және екінші дүниежүзілік соғыс майданында қаза тапқан қазақстандықтарды еске алу құрметіне веложарыс жасадым. Өз сапарымды  4 мамырда Жетісу облысындағы Қарабұлақ кентінен бастадым. Қонаев, Алматы, Тараз және Шымкент арқылы өтіп, бағытымды Түркістанда аяқтадым. Оңтүстік Қазақстан бойынша мың шақырымнан астам жолды жүріп өттім. Ал, биыл Жошы ханның 800- жылдығына орай,  ұзындығы 840 шақырым болатын «Ұлы дала құндылығы» веложарысын өткізуді шештім. Менің іс-шарамның мақсаты: салауатты, белсенді өмір салтын насихаттау, рухани құндылықтарымызды насихаттау және ұлы ата – бабаларымызды еске алу, жастардың бойында патриотизм сезімін тәрбиелеу және Қазақстанда туризмді дамытуға жәрдемдесу, - деді, Қарағандыда берген сұхбатында, 64 жастағы Бақытжан Бектенов, – Мені Сіздің өңіріңіз өте жылы қарсы алды. Спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаевқа көрсеткен қолдауы үшін үлкен рахмет, мен онымен жеке жүздестім. 

Триатлоннан республикалық және халықаралық турнирлердің бірнеше дүркін жеңімпазы мен жүлдегерінің соңғы саяхат пункті – Жезқазған маңындағы «Жошы хан» тарихи-мәдени кешені. Нақты жүріп өту сызбасы  фотосуретте бейнеленген.  

Айтпақшы, бұл таңғажайып адам жай ғана саяхаттап қана қоймай, аялдаған елді мекендерде жас спортшылармен кездесулер өткізеді. Мәселен, 25 наурызда Бақытжан Бектенов Осакаровка спорт мектебінің тәрбиеленушілерімен, ал, бүгін таңертең – Қарағанды веломектебінің балаларымен жүздесті. Ол болашақ чемпиондарға жақсы кеңестер беріп қана қоймай, өз жеке басының үлгісі ретінде,  адам қабілетінің көп екенін, тек оны  шыңдау  қажеттігін айтты. Алға қойылған мақсатқа дұрыс жету үшін сауатты, әдепті, білімді, тәрбиелі болыңыздар,  бірнеше  тілді оқып, үйреніңіздер, сосын  әрине, шынығуларыңыз қажет деді!  Себебі, Бақытжан Бектеновтің өзі кішкене ширыға салып, жұдырығын жерге қойып,  кеудемен жерден кем дегенде 60 рет көтеріле алады!