Қарағандылық шахматшы Сурдлимпиада ойындарының жүлдегері атанды

Қарағандылық шахматшы Сурдлимпиада ойындарының жүлдегері атанды

XX қысқы Сурдлимпиада ойындарында классикалық шахматтан Қазақстан ерлер құрамасы 10 ұпай жинап, қола медаль жеңіп алды. Алтынды 12 ұпай жинаған Хорватиялық спортшылар жеңіп алды, ал күміс медаль - 11 ұпай жинаған Польша командасына бұйырды.

Ұлттық құрама сапында Сұлтан Қожахметов, Самажан Кеттебеков, Максим Рожков, Амангелді Наурызғалиев, Мейірман Пернеев және қарағандылық Виктор Максименко ойнады.

«Классикалық шахматтан жарыс қызу өтті, қарсыластарымыз осал болмады. Ойын барысында еліміздің спортшылары Италия, Германия және Сербия құрама командаларын жеңіп, Украина мен Польша командаларымен тең ойнап, тек Хорватия командасына есе жіберіп алды. Жарыстың нәтижесінде командамыз 7 турдан өтіп, он үш команда арасында үшінші орынға тұрақтады», - деді шахматтан аға жаттықтырушы Елдос Күзербаев.

Айта кетсек, XX қысқы Сурдлимпиада ойындары Түркияның Эрзурум қаласында 2-12 наурыз аралығында өтті. 2020 жылы өткен XIX қысқы Сурдлимпиада ойындарында қарағандылық шахматшы Виктор Максименко алтын медаль жеңіп алған болатын.