Қарағанды өңірінің танымал тұрғыны бас жүлдені Франциядағы әйгілі кинофестивальден емес, тоғызқұмалақтан жеңіп алды. Халықаралық біріншілік 23-27 ақпан аралығында өткен болатын. Канндағы жарысқа Қазақстаннан, Франциядан, Италиядан, Ұлыбританиядан және Мароккодан келген спортшылар қатысты, бұл- осы зияткерлік ұлттық спорт түрінің әлем елдері арасында танымалдығының артып келе жатқанын көрсетеді. Әйелдер арасындағы Еуропа кубогында бірінші орынды жерлесіміз Аңсаған Кожанәсіп иеленді.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың соңында Ақтөбеде тоғызқұмалақтан VI Әлем чемпионаты өтті. Оған 20 елден 100-ден астам спортшы қатысты. Қазақстан құрамасының құрамына кірген Қарағанды облысының өкілдері алғаш рет осындай деңгейдегі біріншілікке қатысып, медаль жеңіп алған-тын. Классика түрінен Аңсаған Қожанәсіп қола жүлдегер атанса, рапид түрінен Асылхан Қожанәсіп күміс жүлдегер атанды. Бұлар бір-біріне әпке мен бауыр болып келетін үздік тоғызқұмалақшылар. Олар өздерінің туған жері Ақадырда 100-ден астам баланы жаттықтырады.
Ақпан айының басында Анталияда (Түркия) тоғызқұмалақтан Еуразия Кубогы өтті. Жарысқа Түркиядан, АҚШ-тан, Чехиядан, Румыниядан, Эфиопиядан, Қырғызстаннын және Қазақстаннан 67 спортшы қатысты. Асылхан Қожанәсіп - осы біріншіліктің жеңімпазы атанды. Әпкелі-бауырға жаңа жеңістер тілейміз!