Теміртаулық спортшы пара дзюдодан Әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды

Теміртаулық спортшы пара дзюдодан Әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды

41 елдің 270 балуаны қатысатын біріншілік Бакуде (Әзірбайжан) өтуде. Бұл біріншілікке Қазақстан атынан 18 спортшы барды. Солардың бірі-металлургтер қаласының тумасы  Даяна Федосова болатын,  ол 57 келі салмақ дәрежесінде Әлем чемпионатының қола медалін жеңіп алды.

- Негізі,  Даяна «алтынды» көздеген болатын. Себебі, ол әлемдік рейтингте екінші орында тұр, - деді спортшының тәлімгері, дзюдодан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Сергей Дмитриенко, – Күніне бес сағаттан жаттықты: таңертең – екі сағат, кешке – үш сағат. Жалпы, ол қатты дайындалды, бірақ испандықты жеңе алмады. Алайда, алда Токиода өтетін Grand slam турнирі бар,  бұл да рейтингке ие беделді турнир. Пара дзюдодан әлемдік рейтингтегі көшбасшылар үштігінде қалу үшін бар күшімізді салатын боламыз. Алдымыздағы басты мақсат – 2024 жылы Париждегі Паралимпиада ойындары.

Айта кетейік, Бакуде өткен Әлем чемпионатында қазақстандықтар Даяна Федосова (57 келі) және Олжас Оразалыұлы (73 келі) қола жүлдегер атанды. Ал, елордалық Ақмарал Науатбек (48 келі J2) ел қоржынына тарихымыздағы алғашқы әйелдер арасындағы  алтын медальді сыйлап отыр.