«Жансай Смағұлов - мықты спортшы»

«Жансай Смағұлов - мықты спортшы»

11-13 қаңтар аралығында Катар астанасы Дохада дзюдодан әлемдік Masters жарысы өтті. Жаңа маусымның алғашқы додасына әлемнің 70 елінен 400-ге жуық спорт шеберлері қатысты. Аталған дүниежүзілік додада Қазақстан құрамасы да бақ сынады.
Өкінішке орай, біздің балуандарды жеңістің биік тұғырынан көре алмай қалдық. Осыған орай, дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Ғалымжан Жылгелдиев Olympic.kz сайтына жарысты қорытындылап, сұхбат берді.
«Өздеріңіз көргендей, спортшылардың күреске деген ынталары, шабыты өте мықты. Десе де, пандемия кезінде жарыстың жоқтығы теріс әсерін тигізді. Ұзақ үзілісте көп демалып қалдық. Осының салдарынан біздің спортшылар көп жаттыға алмай,  Masters бәсекесіне тек бір ай қалған кезде ғана белсенді түрде жаттыға бастады. Нәтижесінде, жаттығу жұмыстарын ұдайы жүргізбеу жақсы нәтижеге алып келмейтініне көзіміз жетті.. Қалай болғанда да, біз бұл жарысқа бар күшімізді салдық. Жансай Смағұлов - мықты спортшы. Спортшыларымыз жақсы спорттық күйде болғанын нық сеніммен айта аламын. Бастапқыда Жансай қола медаль үшін күресіп, соңында бесінші орынға ие болды. Біз үшін ең бастысы - олимпиадалық рейтингте тиісті ұпайды еншілеу болатын. Жансай медаль ала алмаса да, рейтингте ол көп ұпай жинады. Біз әрине бұған қатты қуандық. Дайындық пен уақыттың аз болуы әрине өз әсерін тигізбей қойған жоқ. Барлық спортшылар Олимпиада ойындарына лицензия алу үшін көп жаттығуда. Біз өзіміздің кем тұстарымызды анықтап, сонымен жұмыс істейтін боламыз. Алда көптеген жарыстар бар. Олимпиадаға жолдама алу үшін күресті әрі қарай жалғастыратын боламыз», - деп қорытындылады бас жаттықтырушы.

Осылайша, Жансай Смағұлов Дохадағы турнирде бесінші орынға табан тіреді. Сонымен қатар, ол Ippon рейтингісіне сәйкес бірнеше жеңістермен ерекшеленді, олардың бірі ширек финалда болды. Смағұлов Косоводан келген Акил Гяковтан мықты екенін көпшілікке дәлелді. Алдымен біздің жерлесіміз жеңіліп жатып, кейіннен есепті жекпе-жектің аяқталуына 30 секунд қалғанда спортшылардың епестері теңесіп, жарыс соңына дейін екі секунд қалғанда қарсыласынан мықты екенін дәлелдеді. Сіздердің назарларыңызға Қарағандының намысын қорғаған балуанның жеңісінің бейнесін ұсынамыз. (https://beta.egov.kz/memleket/entities/karaganda-sport/press/media/details/10132?lang=ru)