Қарағандылық спортшы Алматыда өткен республикалық біріншілікте 97 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Қараша айының 25 күнгі финалда оның қарсыласы Қызылорда облысынан келген Олжас Сырлыбай болды. Ерұлан мықты қарсыласын жеңіп, үшінші рет ел чемпионы атанды!
Бұл көптен күткен және өте маңызды жарыс болды. Дәл осы жарыста Токио қаласында өтетін олимпиадаға Қазақстанның намысын қорғайтын спортшылар іріктелді. Қазірдің өзінде біздің командамыздың екі лицензиясы бар. Жаттықтырушылар штабы спортшылардың тағы төртеуін жеңіп алуына үміт артып отыр. Ерұлан Ысқақов Олимпиада ойындарына қатысуға үміткерлердің бірі. Көптен күткен жолдаманы келесі жылдың наурыз айында Қытайда өтетін Азия чемпионатында және сәуір айында өтетін Әлемдік деңгейдегі біріншілікте ұтып алуға болады. Алайда біздің спортшылар осы шешуші жарыстарға қатыса ма, тіпті осы жарыстар өткізіледі ме, бұл коронавирустық жағдайға тікелей байланысты болмақ.