Шамамен 5000(!) Қарағанды облысының әр түрлі жастағы тұрғындары онлайн спартакиадаға қатысты

Шамамен 5000(!) Қарағанды облысының әр түрлі жастағы тұрғындары онлайн спартакиадаға қатысты

Үстіміздегі жылдың 21 қазан күні Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасында облыстың қалалары мен аудандары арасында ұйымдастырылған облыстық «Saryarka» онлайн спартакиадасының жабылуы өтті, оған әр түрлі жастағы өңір тұрғындарының бұрын-соңды болмаған рекордтық саны – 4853 адам қатысты! Біріншіліктің финалына – 1363 спортшы шықты. Бұл спартакиада осындай кең ауқымда Қазақстанда өткен жалғыз онлайн іс-шараға айналды!

Біріншілікті ұйымдастырушысы – Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы болды. Жарыс осы жылдың 14-18 қазан күндері аралығында өтті.

Спартакиадаға қатысуға ниет білдірушілер үшін таңдау үлкен болды, яғни, олар шахмат, дойбы, бес асық, тоғызқұмалақ, жеңіл атлетика (жүгіру, орнында тұрып секіру), күш гимнастикасы, пауэрлифтинг (жатып сығылып көтерілу), футбол (доппен жонглерлік ету) және гір спорты бойынша өз таңдауларымен күш сынаса алды. Қатысушылардың жасына келсек, шахмат пен дойбы жарыстарында жас шектеулері болған жоқ. Бес асыққа 14 жастан асқан облыс тұрғындары қатысты. Тоғызқұмалақ сайысында 10 жастан  жоғары ойыншылар жарысты. Жеңіл атлетика бойынша жарыстарға балалар да, ересектер қатысты. Күш гимнастикасына 12 жастан асқан жасөспірімдер мен зейнеткерлік жасқа дейінгі егде адамдар қатыса алды. Доппен жонглерлік ету сайысына 8 жастан бастап рұқсат етілді. Бір сөзбен айтқанда, спартакиадаға барлық спорт әуесқойлары, ересектер де, балалар да қатысу мүмкіндіктеріне ие боды.

Жарыстар қорытындылары бойынша қалалар арасында командалық есепте мынадай орындар бөлінді: 1-ші орынды Қарағанды, 2-ші орынды Шахтинск, 3-ші орынды Теміртау қалалары иеленді.

Аудандар арасында 1-ші орынды Абай ауданы, 2-ші орынды Нұра ауданы, 3-ші орынды Шет ауданы қанжығасына салды.

Жүлделі орындарға ие болған қалалар мен аудандардың командалары дипломдармен және кубоктармен марапатталды. Оларды дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев пен жарыстың бас төрешісі Нұрлан Түсіпов құттықтады. Бұған қоса, Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасында әртүрлі өңірлердің өкілдеріне жергілікті жерлерде марапаттарды тапсыру үшін жеке есепте үздік болған спортшылардың грамоталары мен медальдары берілді. Спартакиаданың барлық қатысушыларына арнайы сертификаттар тапсырылды.