Осындай қуанышты жаңалық Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасындағы өткен кездесуде болды. Оған: жақында ғана «Қарағанды облысының Жеңіл атлетика федерациясы» қоғамдық бірлестігін басқарып отырған Әлішер Әбдіқадіров, «Қазақстанның спортшылар одағы» РҚБ-нің төрағасы Азамат Қарлығашов, «Қазақстанның спортшылар одағы» РҚБ-нің аймақтық филиалының директоры Мұрат Нұрқазов, «Қазақстан спорт шебері» ЖШС-нің облыстық филиалының директоры Данил Хакимьянов, «Қазақстан спортшылар одағы» РҚБ-нің кеңесшісі Алмаз Жұмабай қатысқан болатын. Кездесуді Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев өткізді.
Осы орайда өз ойын Темірхан Абылаев:
- Қазіргі жағдайда спорттың дамуына қоғамдық ұйымдар мен бизнес үлкен рөл атқарып отыр. Тек қана мемлекет емес, үкіметтік емес ұйымдар мен кәсіпкерлік құрылымдар салауатты, белсенді қоғамның қалыптасуына ынталы болуы керек. Спортты әйгілеу үшін, біз ортақ мақсатымызға жетуіміз үшін тығыз қарым-қатынаста болуымыз және жұмысымызды ашық диологтағы форматта бір-бірімізді қолдау жасай отырып жүргізуіміз тиіс,- деп атап өтті.
Ол Әлішер Еселұлын федерация басшысы лауазымына бірауыздан сайланғанын құттықтап, куәлігін табыс етті. Бұдан кейін «Қарағанды облысының Жеңіл атлетика федерациясы» қоғамдық бірлестігі, «Қазақстанның спортшылар одағы» РҚБ мен «Қазақстан спорт шебері» ЖШС арасындағы ынтымақтастық пен өзара әрекеттесу туралы үшжақты меморандумға қол қойылды. Келісім үстіміздегі жылдың 10 қазанында өтетін Халықаралық «QARAGANDY MARATHON 2020» онлайн-марафонды ұйымдастыру мен өткізудегі бірлескен жұмыстарды қарастырады.
- Біздің аймақта әуесқой жүгірушілер өте көп, біз оларға қолдау жасауымыз қажет. Коронавирустың салдарынан шектеу жасалған кезең спортшылар үшін ауыр тиді. Сондықтан да осындай іс-шараны өткізу шешілді. Мұндай марафон алғашқы рет өткізілмек, алайда барлығы жоғарғы деңгейде өтуіне атсалысамыз, - деді Әлішер Әбдіқадіров.