Пешпен жылытылатын тұрғын үйлерде тұратын халықты әлеуметтік қолдау мақсатында облыстың қалалары мен аудандарында 2024 жылдан бастап мәслихаттардың
«Әлеуметтік көмекті көрсету қағидаларын бекіту, мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау және көмектің мөлшерін белгілеу туралы» шешімдеріне сәйкес қатты отын (көмір) сатып алуға кеткен шығындарды өтеу үшін біржолғы әлеуметтік көмек көрсетіледі.
Әлеуметтік көмектің мөлшері 16 АЕК:
2025 жылы – 62 912 теңге
2026 жылы – 69 200 теңге
Аталған төлем орташа жан басына шаққандағы табысы белгіленген шектен аспайтын азаматтарға тағайындалады. Бұл шек күнкөріс минимумының еселенген мөлшерімен айқындалады:
2025 жылы ҚР күнкөріс минимумы – 46 228 теңге
2026 жылы ҚР күнкөріс минимумы – 50 851 теңге
Өңірлер бойынша табыс шегі (отбасының немесе жеке тұлғаның жан басына шаққандағы табысы төмендегіден аспауы тиіс):
Қарағанды, Теміртау қалалары, Осакаров ауданы – күнкөріс минимумының 3 есесі;
Балқаш, Сарань қалалары, Абай ауданы – 1 күнкөріс минимумы;
Шахтинск, Приозерск қалалары, Ақтоғай, Шет аудандары – 1,5 күнкөріс минимумы;
Қарқаралы және Бұқар Жырау аудандары – 2,5 күнкөріс минимумы;
Нұра ауданы – 2 күнкөріс минимумы.
Қарағанды қаласында біржолғы әлеуметтік көмек табысы есепке алынбай, тұрғын үйдің меншік иесі болып табылатын:
жалғыз тұратын зейнеткерлерге;
I және II топтағы мүгедектігі бар адамдарға беріледі.
2025 жылы аталған біржолғы әлеуметтік көмекті 185 отбасы алып, төлемнің жалпы сомасы 11,4 млн теңгені құрады.
Толық әрі нақты ақпарат алу үшін тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне немесе ауылдық округ әкімінің аппаратына жүгіну қажет.