
Бүгінгі күні жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің мемлекеттік шараларын көрсету үшін Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған Еңбек бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама) жұмыс істейді.
Бағдарлама шеңберінде мынадай бағыттар бойынша мемлекеттік қолдау шаралары көзделген:
1) Бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен қамтамасыз ету;
2) жаппай кәсіпкерлікті дамыту;
3) халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту;
2019 жылы бағдарлама аясында 43,5 мың адам жұмысқа орналастырылды, оның 42,8 мыңы немесе 98% тұрақты жұмысқа орналастырылды.
Жастардың жұмыссыздық деңгейі 2020 жылғы 1 тоқсанға республика бойынша 3,8%, облыс бойынша 5,3% немесе 6,3 мың адамды құрайды.
"Жас кәсіпкер" жобасы аясында жастарды кәсіпкерлік қызметке белсенді тарту бойынша іс-шаралар өткізілді.
Бастау Бизнес жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқыту бойынша өткен жылы оқуға 3781 адам жіберілді. 1780 адам жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін гранттар мен шағын несиелер алды. Нәтижесінде жастар өз бизнесін ашып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын құрды.
Сондай-ақ, жастарға арналған мемлекеттік қолдау шаралары қайта қаралды және қосымша екі жаңа құрал әзірленді: бірінші жұмыс орны және ұрпақтар байланысы жобалары.
Бірінші жұмыс орны жобасын іске асыру тәжірибесі жоқ азаматтарға бірінші жұмыс орнына жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді.
Ұрпақтар байланысы жобасы зейнеткерлік жасқа жеткен жұмыс істейтін қызметкерді кейіннен ауыстыра отырып, жұмысқа орналастыруды көздейді.
Осы жобалар бойынша жұмысқа орналасу кезінде басым құқық жастарға, көп балалы және аз қамтылған отбасылардың еңбекке жарамды мүшелеріне, еңбекке жарамды мүгедектерге беріледі.