Аудан тұрғындары Әлем чемпиондарын қарсы алды

Аудан тұрғындары Әлем чемпиондарын қарсы алды

 Жерлес спортшымыз Дәрібай Оспанов және ұлы Абдулкәрім Қараман туған жері Ақадырға салтанатты жеңіспен оралды.
75 жастағы Дәрібай ата мен Абдулкәрім АҚШ-тың Техас штатындағы Остин қаласында 21 мамыр мен 1 маусым аралығында пауэрлифтингтен өткен әлем чемпионатына қатысты. Дәрібай Оспанов бірден бірнеше жүлдені жеңіп алып, нәтижесінде ардагерлер арасында пауэрлифтингтен абсолютті Әлем чемпиондары арасында үшінші болды. Ұлы Абдулкәрім де бірнеше медаль жеңіп алды, қазіргі таңда осы спорт түрінен бес дүркін Әлем чемпионы.
Чемпиондарды салтанатты қарсы алу рәсіміне арнайы қатысқан Шет ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Асхат Ахметов чемпиондарға 150 мың теңгенің сертификатын табыстады. Кент әкімі Мерей Қойшыбаев құттықтау сөз сөйлеп, жерлестеріне спорт саласында толағай табыс тілейтінін жеткізді. Сонымен қатар, кенттегі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы, ардагерлер кеңесінің төрағасы ізгі ниеттерін білдіріп, құттықтау сөз сөйледі.
“Мен жас кезімнен спортпен айналыстым, бірақ бұл спортқа деген қатты құмарлығым 56 жасымда пайда болды” дейді қарт спортшы өз сөзінде. Қазір ол ардагерлер арасында стендтік пресс техникасы бойынша абсолютті әлем чемпиондарының бірі. Жалпы спортшы оннан астам түрлі рекорд жаңартты. Жерлестерімізді жеңістерімен құттықтаймыз!