Ауданымыздың солтүстік-батыс аймағында орналасқан Ақой ауылында өрт сөндіру бекеті ашылды. Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаментінен берілген өрт сөндіру автокөлігін пайдалана отырып, жоспарға сәйкес өрт сөндіру бекеті құрылды.Бұл ауданымызда ашылған үшінші өрт сөндіру бекеті.
Өрт сөндіру бекеті шамамен 700 тұрғыны бар Ақой ауылын және жақын орналасқан ауылдық округтерді де өртке қарсы қорғауды қамтамасыз етеді. Өрт сөндіру бекетінің жұмыс істеуі тәулік бойы және жыл бойы жүзеге асырылатын болады, онда қызметті ауысым бойынша 6 адам атқаратын болады.
Өрт сөндіру бекеті кезекшілер отыратын жылыжаймен, автокөлік тұратын бокспен, телефон байланысымен қамтамасыз етілген. Тәуліктік жауынгерлік кезекшілікке ауыл тұрғындары қатарынан бекеттің жеке құрамы жұмысқа алынды. Жаңадан құрылған команда тек өрттерге ғана емес, сондай-ақ олардың жауапкершілік аймағында болып жатқан басқа да төтенше жағдайларды жоюға қатысады, қиын жағдайға тап болған адамдарға көмек көрсетеді және елді мекендердің тұрғындары арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді.
Өрт сөндіру бекетінің ашылуы ауылдық округтер мен жалпы аудан тұрғындары үшін техногендік және табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардан қауіпсіздіктің ұзақ мерзімді кепілі болатыны сөзсіз.