ҚАБЫРҒАЛЫ ҚАЙРАТКЕР ҚАСЫМБЕК МЕДИҰЛЫНА АРНАЛҒАН «АРҚАНЫҢ АҚБЕРЕНІ» КІТАБЫНЫҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ!

ҚАБЫРҒАЛЫ ҚАЙРАТКЕР ҚАСЫМБЕК МЕДИҰЛЫНА АРНАЛҒАН «АРҚАНЫҢ АҚБЕРЕНІ» КІТАБЫНЫҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ!

Биылғы жылы ауданымыздың тумасы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Шет, Жезді аудандары мен Қарағанды облысының Құрметті азаматы Медиев Қасымбек Медиұлына арналған «Арқаның Ақберені» атты жинақ баспа бетінен жарық көрген болатын. Осыған орай, жуырда Шет ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің қабырғасында кітаптың тұсаукесер салтанаты өтті. Аталмыш шараға Қ.Медиұлының замандас әріптестері мен ізбасар шәкірттері, академик ғалымдар мен облыс, аудан әкімдігінің лауазымды басшылары және туған - туысқандары арнайы келіп қатысты. Шараны аудан әкімі М.Мұхтаров жүргізіп, қабырғалы қайраткердің өнегелі өміріне тоқталып, келген қонақтарды көпшілік қауымға таныстырып отырды. Алқалы жиында алдымен  «Арқаның Ақберені» кітабының құрастырушы журналист, ҚР ақпарат саласының үздігі, «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы Е.Мұсабек баяндама жасап, шараға арнайы келген Қасымбек Медиұлының  үзеңгілес әріптесі, сыйлас замандасы, досы «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі», «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, Ақтоғай ауданы мен Қарағанды облысының Құрметті азаматы, мемлекеттік қызмет ардагері С. Дүйсебеков, тұғырлы тұлғаның шәкірті ҚР Парламент Сенатының депутаты, Шет ауданының Құрметті азаматы Р.Әбдікеров пен қайраткер замандасы, бауыры, «Құрмет» орденінің иегері, Шет ауданының Құрметті азаматы Б.Жумкиндерге кітаптың тұсауын кесу құрметі берілді.  Осыдан кейін белгілі айтыс ақтаңгері Д.Қамиев дара азаматтың даналық жолын арқау етіп арнау айтып, зиялы қауымның қошеметіне бөленді. Сонымен қатар салтанатты кешке арнайы шақырылған Қарағанды облысы әкімінің орынбасары А.Нүкенов, тарих ғылымдарының кандидаты, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, Қарқаралы  ауданы мен Қарағанды қаласының Құрметті азаматы Р.Омарбекова, мемлекеттік қызмет ардагері Қ.Сәтбаев қаласындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы ӨАхметов, ҚР министрліктерінде жауапты лауазымдарды атқарған мемлекеттік қызмет ардагері, Шет ауданының Құрметті азаматы С.Тұңғышбеков, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі, белгілі ақын – жазушы Ө.Кәріпке  сөз кезегі беріліп, аталмыш азаматтар қабырғалы қайраткердің артында қалған айшықты істеріне тоқталып, аталмыш кітаптың жастарды ұлтқа қызмететуге, отанды сүюге таптырмас тәрбие құралы болатындығын атап өтті.