Бүгін аудан әкімі М.Мұхтаров Нұраталды ауылдық округіне қарасты Ақсу ауылына іс-сапармен барды

Бүгін аудан әкімі М.Мұхтаров  Нұраталды ауылдық округіне қарасты Ақсу ауылына іс-сапармен барды

Сапар барысында аудан басшысы жергілікті тұрғындармен кездесіп, таза ауыз сумен қамтамасыз ету, жарықтандыру секілді алдағы уақытта шешілуі тиісті мәселерді талқылады. Талқылау барысында тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында келесі жылдың қаржы жоспарына жобалау - сметалық құжаттарын рәсімдеу үшін қаржы қарастырылатындығын және құжаттарды дайындап 2023 жылы құрылыс жұмыстарын жүргізуге ұсыныс берілетіндігін қосымша айтып өтті. Сонымен қатар, жыл соңына дейін ауыл ішіндегі екі көшенің жарық шамдарын айырбастауды және келесі жылы қосымша жарық шамдарын орнатуды тапсырды. Жол, автобус қатынасына байланысты мәселелерді шешуді тиісті жауапты мамандарға міндеттеді. Ауыл мектебінің қасында салынып жатқан футбол алаңы жұмыстарының сапасына аса мән беруді тиісті басшылыққа тапсырды. Осыдан кейін, сапарын Талды ауылында жалғастырып, бұл жерде де ауыл көшелерін жарықтандыру және электр қуатымен қамтамасыз ету сынды күн тәртібінде тұрған жұмыстармен танысып, Нұраталды - Талды аралығындағы тас жолдың жағдайын өз көзімен көріп қайтты. Сапар соңында аудан басшысы жергілікті әкімдерге ағымдағы жұмыстар бойынша ескерту айтып, алдағы уақытта шешімін таппаған мәселелердің жеке бақылауында болатынын жеткізді.