
Шет ауданы білім бөлімі мен Жамбыл Ақылбаев атындағы мектеп-гимназиясының мерейі үстем болды. 2026 жылғы 17–20 ақпан аралығында Қарағанды қаласында өткен ҚР Білім министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми жобалар байқауының қорытынды кезеңінде аудан намысын қорғаған 10-сынып оқушысы Демесинова Айғаным Бақытжанқызы ІІІ дәрежелі дипломмен және қола медальмен марапатталды.
Мектептік кезеңнен бастап республика бойынша 28 590 оқушы бақ сынаса, соның ішінде тек ең үздік деп танылған 993 қатысушы (3,4%) ғана финалдық кезеңге жолдама алды. Айта кетерлігі, Айғаным — Шет ауданы бойынша осы сында республикалық деңгейге шыққан жалғыз оқушы.
Зерттеу жұмысы «Тіл білімі (қазақ тілі)» секциясы бойынша ұсынылып, өзектілігімен ерекшеленді, іріктеу кезеңінде жоғары деңгейдегі дайындығын көрсетіп, 91 ұпай жинады. Нәтижесінде республикалық финалда бақ сынаған үздік қатысушылардың қатарынан көрініп, ғылыми жобаның практикалық маңызын жоғары деңгейде қорғап шықты.
Бұл жеңіс — шәкірттің зеректігі мен ғылыми жетекшісі, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагог-шебер, п.ғ. магистрі Тусупханова Бану Амановнаның жүйелі еңбегінің жемісі. Ұстаз бен оқушының бірлескен ізденісі қазақ тілі білімі саласындағы өзекті мәселелерді ғылыми тұрғыда негіздей алды.
Республикалық деңгейде ауданымыздың абыройын асқақтатқан Айғанымды үлкен жетістігімен құттықтаймыз! Ғылым жолындағы қадамың құтты, жеңісті күндерің көп болсын!
«Білімді ұрпақ — ел болашағының тірегі».